Шымкентте қаладағы үкіметтік емес ұйымдардың жетекшілері мен өкілдері бас қосқан «Жаңа саяси реформалардың перспективалары» атты дөңгелек үстел отырысы өтті.
Басқосудағы негізгі мақсат үкіметтік емес ұйым өкілдері қарапайым халықтың талап-тілегін тыңдап, жауапты органдар тарапына жеткізу. Осы орайда айта кету керек, азаматтық қоғамның дамуында үкіметтік емес ұйымдардың қосар үлесі мол.
Олардың қызметі қоғамның әртүрлі саласын қамтиды. Атап айтар болсақ, адам құқығын қорғау мен халықтың әлеуметтік жағынан аз қозғалған тобын қорғау секілді шаралармен айналысады. Жалпы үкіметтік емес ұйымдар айналысатын салалар өте көп.
– Халық пен биліктің арасында «алтын көпір» рөлін атқаратын үкіметтік емес ұйымдардың жұмысын жақсартуға, ел дамуына қажет ұсыныстарды талқылауды көздеп отырмыз. Алда бірлесіп атқаратын жобалар көп. Барлығымыздың көздегеніміз – халықтың тұрмысын жақсарту, – дейді Шымкент қалалық Азаматтық Альянс төрағасының орынбасары Жанетта Жазықбаева.
Жиын соңында Конституция күніне және Қазақстан Республикасының Қарулы күштерінің 30 жылдығына орай бірқатар ардагер әскери қызметкер мерекелік медальмен марапатталды.
Осы тұста айта кету керек, Үкіметтік емес ұйымдар — үкіметтен тәуелсіз жұмыс істейтін, әдетте қоғамдағы маңызды мәселерді алдыға шығарып, оларды шешуге ұмтылған еріктілер тобы құрған бейкоммерциялық ұйымдар.[1] Бұл ұйымдар жергілікті, ұлттық және дүниежүзілік деңгейде құрыла алады. Әйгілі үкіметтік емес ұйымдарға, әсіресе Халықаралық үкіметтік емес ұйымдарға Шекарасыз дәрігерлер (Médecins sans frontièrs), Гринпис (Greenpeace), Халықаралық амнистия (Amnesty international), Билл және Мелинда Гейтстер Қоры (Bill and Melinda Gates foundation), Дүниежүзілік жабайы табиғат қоры (WWF), Шекарасыз репортёрлер (Reporters without borders), т.б. дүниежүзіне ортақ адам құқықтары мен қоршаған ортаны қорғауға, сондай-ақ басқа да қоғамдық мәселерді шешуге ұмтылған ұйымдар жатады.
Қазіргі уақытта елімізде барлық әлеуметтік маңызды салалардың жұмысын жүзеге асыратын 5000-ға тарта үкіметтік емес ұйым қызмет етеді.