Шымкенттегі елдімекендерді кәріз жүйесіне қосу үшін құрылыс жұмыстары жалғасын табуда.
Қазіргі таңда шаһардың 54% кәріз жүйесімен қамтылса, биыл бұл көрсеткішті 60-ға жеткізу жоспарланған.
Осыған байланысты ағымдағы жылы 20 нысанда құрылыс жұмыстарын жүргізу жоспарға қойылған.
БАҚ өкілдеріне өткізген брифингте Шымкент қалалық энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының басшысы Боранбай Булатбеков осылай деді.
Оның мәліметінше, жыл соңына дейін Самал-3, Мирас-Шапағат-2, Ұлағат, Солтүстік шығыс, Хлопзавод-Шолохов, Жұлдыз елдімекендері кәріз жүйесіне қосылады. Осы бағытта 2 магистралды кәріз коллекторы, 1 кәріз сорғы станциясы және 13 елді мекенде ішкі орамдық кәріз құбырлары тартылуда.
“Осы арқылы 64 мыңға жуық тұрғын кәріз жүйесімен қамтуға мүмкіндік алады. Бұдан бөлек, Арғынбеков коллектор, Тұран ішкі магистрал, Достық КНС (қайта құру), 74 га құрайтын Бозарық шағын ауданының магистралдық кәріз жүйесінің құрылыс жұмысы аяқталады,”-деді басқарма басшысы.
Басқарма мәліметіне сүйенсек, өткен жылы қалада «Тұран» сорғы станциясы және Самал-1 мен Наурыз шағын аудандарының ішкі жүйелерінің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілген. Нәтижесінде кәрізбен қамту көрсеткіші 52,3%-дан 54%-ға өскен. Биыл қаладағы 9 нысанда құрылыс жұмысы басталады. Қазіргі таңда Арғынбеков көшесімен Тұран ішкі магистралды коллектордың құрылысы жүргізілуде. Сонымен қатар, Достық су сорғы станциясы қайта құрудан өтеді деп жоспарлануда. Нәтижесінде, Самал-3, Ұлағат, Мирас, Солтүстік-шығыс, Шапағат-2 шағын аудандары мен Хлопзавод көшесіндегі 48 мыңнан астам адам кәріз жүйесіне қосылады. Жыл соңына дейін қамтылу көрсеткіші 60%-ға өседі. Қаланың 2022-2025 жылдарға арналған даму жоспарына сәйкес, кәріз жүйесімен қамту көрсеткішін 75 пайызға жеткізу көзделіп отыр. Ал қаланың оңтүстік пен солтүстік бөлігін кәрізбен қамтудың 2022-2025 жылдарына арналған жоспарына сәйкес кәріз тазалау станциясы мен сорғы станциясының коллекторлары және елді мекендерде ішкі жүйелер құрылысын жүргізу жоспарланып отыр.