Шымкент қаласындағы 81 елді-мекеннің 78-і сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілген. Ал қалған 3 елдімекен ауыз суды кестемен тұтынуда. Бұл туралы Энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының басшысы Б.Булатбеков мәлімдеді.
— Көрсеткішті арттыру мақсатында биыл барлығы 7 нысанда құрылыс жұмысы қарқынды жүріп жатыр.
Олар: Құрсай 1,2 – кезек, Асар-2 екінші кезек, Текесу е/м, Қайнарбұлақ е/м, Еңбекші ауданының жаңақұрылыс аумақтары және Нұртас су жинақтағыш имараты,-деді ол.
Айта кетейік, Құрсай, Асар-2, Текесу елді мекендері мен Нұртас су жинақтағыш имаратының құрылыс жұмыстары жыл соңына дейін аяқталады. Сонда шымкенттіктердің 99% сапалы ауыз сумен қамтылатын болады. Алдағы 2 жылдың ішінде ауыз су мәселесі толығымен, 100 пайызға шешіледі деп жоспарланып отыр.
Естеріңізге сала кетейік, өткен 2021 жылы осы бағыттағы 13 жоба аяқталған. Атап айтқанда, жалпы ұзындығы 24,46 шақырымды құрайтын 3 маистралды су құбыры тартылды. Сонымен қатар 10 елді мекенде ішкі ауыз су жүйелерінің құрылысы аяқталған. Осылайша Тұран, Асар-2, Ынтымақ-2, Батыс, Жаңа Тұрлан, Солтүстік саяжай, Ақтас, Жаңаталап, Сәуле және Нұртас елді мекендерінің тұрғындары таза ауыз суға қол жеткізді. Қазір әрбір тұрғын суды өз үйіне кіргізіп жатыр. Бұл қала халқын ауыз сумен қамту көрсеткішін 95,6 пайыздан 98 пайызға дейін жеткізуге мүмкіндік берді. Шымкентте бұл бағыттағы жұмыстар биыл да қарқынды түрде жүргізілмек. 2022 жылдың соңына дейін ауыз сумен қамту көрсеткіші 99 пайызға жеткізу көзделіп отыр. Ол үшін биыл тағы 1 магистралды су құбыры және 1 елді мекеннің ішкі су жүйелерінің құрылысы аяқталады. Ал, 2023 жылдың соңына қарай шымкенттіктер тәулік бойы үздіксіз берілетін сапалы әрі таза ауыз сумен 100 пайызға қамтылады.