Бүгін Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов «Оңтүстік» АЭА-да орналасқан бірнеше жеңіл өнеркәсіп орындарының жұмысымен танысты.
«Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында орналасқан «Бал Текстиль» кілем және кілем өнімдерін шығаратын кәсіпорын өзінің 4-ші жаңа жобасын іске қосып, өнім қуаттылығын арттыруда. Құны — 2,5 млрд.теңге болатын жоба жылына 1,4 млн шаршы метр өнім шығаруға қауқарлы. Фабрика өндірісі жыл соңында толығымен іске қосылғанда 90 адам жұмыспен қамтылатын болса, өнімнің 70 пайызы ішкі, 30 пайызы сыртқы нарыққа шығарылады.Бүгінде құрылыс жұмыстары аяқталған, техникалар толықтырылуда.
«Bal Tekstil» кілем фабрикасы еліміздің жеңіл өнеркәсібі көшбасшысы болып танылған. Фабриканың өндірістік қуаты жылына 4000 тонна полипропилен жібін және 5 млн шаршы метрден астам кілем мен кілем бұйымдарын құрайды. Кәсіпорын 2013 жылы «Оңтүстік» АЭА аумағында өз өнімін шығара бастады. 2015 жылдың екінші жартысынан бастап «Бал Текстиль» экспорттық нарықтарды игере бастады. Ал бір жыл бұрын Қазақстанда жасалған кілемдерге әлемге әйгілі IKEA компаниясы назар аударды. Бұл Швед брендінің мерзімсіз келісімшарт жасасқан Қазақстанның алғашқы кәсіпорны.
Айта кетейік, Шымкент қаласында 2020 жылы Бал текстиль кілем зауыты жанынан «Бал декор» принт кілемдері мен кілемшелерін өндіретін зауыт ашылған болатын. Кілемшелер заманауи үлгіде тоқылуда. Еденде таймайды, кір жуатын машинада жууға болады. Зауыт Түркиядан әкелінген технологиямен жабдықталған. 120 млн теңгені құрайтын жобаның өндіріс қуаттылығы жылына 400 мың шаршы метр кілемше. Мекеме 14 адамды жұмыспен қамтыған болса, өнімі ішкі нарықта саудаланумен бірге, Өзбекстан, Ресей, Тәжікстан елдеріне экспортталуда.