2022 жылдың I-жарты жылдығында ауыл шаруашылығы өнімдері экспортының көлемі 114,4 млн. АҚШ долларын құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 23,3 млн. АҚШ долларына артты.Тамақ өнімдерінің негізгі капиталына тартылған инвестицияның көлемі 2,3 млрд. теңгені құрады.Тек тамақ өнеркәсібіне тартылған инвестиция өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 5,1 есеге өсті. Бұл туралы қала әкіміне есеп беру кезінде Шымкент қаласы ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының басшысы Абунасыр Жанбатыров баяндады.
Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметінің мәліметінше биылғы жылы 30 мың га егістік жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілді. 6 айда 40,7 мың тонна өнім жиналды, жыл соңына дейін 90,1 мың тонна өнім алу жоспарлануда.
Ал, мал шаруашылығында ірі қара мал саны 79,7 мың басты, қой мен ешкі саны 71,8 мың басты, жылқы – 14,4 мың басты, құс 977,6 мың басты құрады. 6 айда қалада 5,3 мың тонна тауық еті, 27,1 мың тонна сүт, 69,1 млн дана жұмыртқа өндірілді.
Агроөнеркәсіп саласында құны 11 млрд. теңгені құрайтын 14 инвестициялық жоба іске асады. Атап айтсақ: қайта өңдеу 3 жоба, өндірістік жылыжай кешені 4 жоба, сақтау қоймасы 2 жоба, тауарлы сүт фермасы 2 жоба, құс шаруашылығы 3 жоба. Нәтижесінде жаңадан 274 жұмыс орны ашылып, қалада көкөніс өндіру көлемі – 2 мың тоннаға, сүттің көлемі – 8,5 мың тоннаға, жеміс-көкөністерді сақтау 13 мың тоннаға, жұмыртқаның саны – 125 млн.дана, сүтті қайта өңдеу саласы – 2,7 мың тоннаға, құс етін өндіру – 5 мың тоннаға ұлғаяды және жеміс-көкөністерді қайта өңдеу – 6 млн. банка консервілейді.
Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов жиын қорытындысында — азық-түлік бағасына үнемі бақылауда ұстап, ет өнімдерін арттыруға бағытталған шаруашылықтардың өнімдерін делдалсыз саудалау үлесін арттыруды тапсырды.