Шымкент қаласының тұрғыны Күмісбек Мірәлиевтің жасы 62-де. Мамандығы техник-механик. 30 жылға жуық агроном болып еңбек еткен. Үш ұл, бір қыздан тараған 12 немеренің атасы. Жаңадан жүзеге асырылып жатқан “Күміс жас” жобасының қатысушысы. Осы жылдың маусым айында қаланың іргесіндегі алма баулардың біріне агроном-бағбан болып жұмысқа жолданған.
— Зейнет жасына жақындаған азаматтарға жұмыс табу қиын. Екінің бірі жұмысқа ала да бермейді. “Күміс жас” жобасы енгізіліп дұрыс болды. Жалпы, аталған жобаның жүзеге асырылатыны туралы танысым жұмыспен қамту орталығының әлеуметтік желідегі парақшасынан оқып қалып, маған хабар берді. Мен дереу тұрғылықты жерім бойынша орталықтың бөлімшесіне бардым. Қажетті құжаттарды өткіздім. Берер күннен кейін мамандар хабарласып, қолыма жолдама ұсынды. Қазір міне, 50 Га аумақты алып жатқан алма бауға бірнеше кісі болып күтім жасаудамыз, — дейді Күмісбек Мірәлиев.
Биыл “Күміс жас” жобасымен 30-ға тарта адамды жұмысқа жолдау жоспарланса, қазіргі таңда 10-ға тарта адам жолданып, жұмыстарын жасап жатыр.
Қазақстанда зейнет жасына таяған жұмыссыз адамдарды жұмыспен қамту мақсатында «Күміс жас» арнайы жобасы жүзеге асырылады.Жобаның мақсаты — зейнет жасына жақындаған азаматтарды жұмыспен қамту.
Бағдарлама аясында зейнеткерлікке шығуына 2 жыл қалған азаматтарға арналған жұмыс орындары ашылады.
«Күміс жас» жобасына қатысушыларға жалақысының бір бөлігін мемлекет, ал екінші жартысын жұмыс беруші төлейді.Салықтарды, міндетті әлеуметтік төлемдерді, пайдаланылмаған еңбек демалысына өтемақы мен банк қызметтерін есептегендегі субсидияның ең жоғары мөлшері – 30 АЕК (91 890 теңге). Экологиялық үстемеақы бойынша төлемдер есепке алынбайды.Мысалы, жұмыс беруші 180 мың теңге жалақы белгілесе, онда оның 90 мыңын мемлекет төлейді. Ал айлығы 200 мың теңге болған жағдайда 30 АЕК мөлшерінен артық төленбейді.«Күміс жас» жобасына қатысу мерзімі бір жыл. Мерзім аяқталған соң, жұмыс беруші қатысушыны зейнетке шыққанға дейін тұрақты жұмысқа алуға міндетті.