«Қимылдаған қыр асар». Осы қағиданы ұстанатын қала тұрғыны Азиз Бакибаевтың өз шеберханасы бар. ІІ топтағы мүгедектігі бар азамат денсаулығын алға тартатын жан емес. Азиздің қолынан келетін ісі – көлік жөндеу, ұрылған көліктерді түзеу, сырлаумен айналысу. Бастапқыда цех ашу үшін құрал-жабдықтардың керегі айтпаса да белгілі.
– «Атамекен» палатасында кәсіпкерліктің негіздерін оқып, серификатқа ие болдым.
Бизнес-жоспарымды қорғау қиын болған жоқ. Өйткені, бұл менің сүйікті кәсібім болатын. Грант алып, көлікті жөндеуге қажетті құрал-жабдық сатып алдым. Қазір 3-4 адамды жұмыспен қамтып отырмын. Енді, екінші шеберханамды ашу жоспарымда бар. Бұл ісім нәтижесін берсе, онда 3-4 азаматқа жаңа жұмыс орны ашылады, — дейді шебер Азиз.
«Бизнес бастау» кәсіпкерлік негіздеріне оқыту жобасының мақсаты – өзін-өзі жұмыспен қамтыған және жұмыссыз халықты кәсіпкерлікпен айналысуға тарту арқылы экономикалық белсенділігін арттыру. Олай болса, аталған жоба үшінші мегаполисте өз тиімділігін көрсетіп, кәсібін дөңгелеткендер қатары артып келеді.
Мемлекеттік қайтарымсыз гранттың бірінші легіне 400-ден астам өтінім келіп түскен (онлайн). Нәтижесінде комиссияның қаралымына 336-сы жіберілген. Комиссия тарапынан 226-ның бизнес-жоспарлары мақұлданып,110-ны кері қайтарылған.
Айта кетейік, Шымкентте 2021 жылы 700-ден астам азамат грантқа қол жеткізсе, оның ішінде 200-і жастар санатындағылар (29 жасқа дейінгі). Ал, 2022 жылы 1000-нан астам азаматқа бірнеше лек бойынша грант тағайындау көзделіп отыр. Бұл жобаның тиімді тұстарының бірі – мұндағы бір айлық оқуға қатысқандарға шәкіртақы да қарастырылған.
Мемлекеттік гранттар бастапқы бизнесті іске асыруды жоспарлайтын бағдарламаға қатысушыларға өтеусіз және қайтарымсыз негізде беріледі. «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясындағы грант қаражаттары Халықты жұмыспен қамту орталықтары арқылы ұсынылады. «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы бойынша қайтарымсыз қаржыға «Бастау-Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқыту курсынан өткен және бұдан бұрын грант алмаған жастар, көпбалалы және табысы аз отбасылар үміткер бола алады.