Шымкентте 2021 жылы 309,6 шақырым жолға жөндеу жұмыстары жүргізілсе, осы жылы жалпы 361,1 шақырымды құрайтын 190 нысанға жол жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Оның ішінде 67,4 шақырым жолға құрылыс және қайта құру жұмыстары, 19,3 шақырым жол күрделі жөндеу, 261,1 шақырым жолға орташа жөндеу жүргізіледі. Сонымен қоса, жыл соңына дейін 22,7 шақырым жолға шағал тас төселеді. Бұл туралы қала әкіміне есеп беру барысында жол көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ержан Жолдасов баяндады. 1-жартыжылдық қорытындысымен 91 нысан немесе 188,3 шақырым көшеде жөндеу жұмыстары аяқталып пайдалануға тапсырылды. Оның ішінде 19,3 шақырым күрделі жөндеу, 169 шақырым орташа жөндеу, 10 шақырым магистралды көше, 159 шақырым ішкі орам көшелері. Жыл соңына дейінгі жоспарлы жұмыстардың аяқталуы нәтижесінде қала аумағындағы жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 67,4 пайызға жететін болады. Қала әкімі жұмыстардың сапалы орындалуын қатаң бақылауға алуды тапсырды. «Шымкентте биыл қалаішілік орталық көшелерге 178 аялдама павильонын орнату жоспарланған. Шілде айынан бастап 30 аялдама орнатылды. Барлық аялдамалар Шымкент қаласының жолаушылар көлігін дамытудың кешенді схемасына сәйкес орнатылады», — дейді жол көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ержан Жолдасов. Кешенді схеманы әзірлеудегі мақсат — елдімекендерді қоғамдық көлікпен толық қамтамасыз ету және қоғамдық көліктердің қозғалысын қала тұрғындарының жүріп-тұруына оңтайландыру. Жалпы, Шымкент қаласы бойынша 1886 аялдама орны бар. Оның ішінде 1336 аялдама павильоны болса, қалғанына аялдама белгілері орнатылған. 2021 жылдың қорытындысымен жаңа үлгідегі аялдамалар саны 670-ке жетті. Бұл қала тұрғындарының тұрмыс сапасын жақсартуға арналған кешенді іс-шаралардың нәтижесі.