Шымкент қаласы әкімінің аралауы өнеркәсіп орындарына арналды. Жаңадан құрылып жатқан «Жұлдыз» индустриялық аймағына барып, құрылыс жұмыстарымен танысты.
Жалпы аумағы 306 гектар аймаққа инженерлік инфрақұрылымның құрылысы жүргізіліп жатыр.
Жаңа индустриялды аймақта машина жасау, фармацевтика, металлургия, жиһаз өнеркәсібі, құрылыс индустриясы салаларында 5 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылады. 200 млрд. теңгеден астам қаржыға 50-ден астам ірі инвестициялық жоба іске аспақ. Қазіргі таңда 100 млрд. теңге тұратын 17 жобаға жер телімдері бөлінді.
— Қазіргі таңда «Жұлдыз» индустриалды аймағын ашып жатырмыз. Инфрақұрылымды жеткізу бойынша қаражат бар. Инфрақұрылымын толық жеткізіп береміз. Енді бізге әлеуетті, ноу-хау жобалар керек. Келесі аптада 2022-2023 жылға бағытталған жобаларды да баяндамаға қосыңыздар. Қазірден бастап келесі жылдарға дайындық жүргізілсін. Жоспар бойынша 2022 жылы 540, 2023 жылы 600 млрд теңгеге жуық инвестиция тартуымыз керек, — деді қала әкімі.
Нысан екі жобадан тұрады. 1-ші жобада 12,5 шақырым ауыз су, 58,2 шақырым электр желісі, 8,9 шақырым табиғи газ, 11,4 шақырым кәріз жүйелерінің құрылысы қамтылған.Бүгінде мердігер мекеме «Turan Energo Group» ЖШС 8 шақырым ауыз су және 10 шақырым кәріз жүйелерінің траншеяларын қазу жұмыстарын орындады. Нысан 2022 жылға өтпелі.
2-ші жоба бойынша 13,2 шақырым автомобиль жолының құрылысы жоспарланған. Қазіргі таңда мердігер мекеме «Impuls» ЖШС тарапынан жұмыстардың 10 %-ы атқарылды. Ағымдағы жылға №2 учаске аумағында 2,4 шақырым жол құрылысын аяқтау үшін қосымша қаржы қажет. Аталған нысан құрылысы да келесі жылға өтпелі.
Шымкент қаласында аумағы 306 га «Жұлдыз» индустриалды аймағын құру жұмыстары жүргізілуде. Жобаны 2021-2022 жылдары іске асыру жоспарланып отыр. Онда құны 100 млрд тенгені құрайтын 30-ға жуық инвестициялық жобалар жүзеге аспақ.
Қала әкімі іске асырылатын әрбір жобамен танысып, өзекті мәселелерін талқылады. Тиісті басқарма басшыларына тапсырмалар жүктеді.