Шымкент қаласы бас жоспарының жобасын қоғамдық талқылауда 149 ұсыныс түскен. Олардың арасында инженерлік жабдықтау, қоғамдық көлікті дамыту, қала аумағын абаттандыру, мектеп, балабақша, емхана мен спорт және демалыс орындарын салу мәселелері бар.
Қала әкімінің орынбасары Мақсұт Исаховтың айтуынша, барлық ұсыныстар сараланып, құзырлы мемлекеттік органдармен келісіледі. Ең тиімді ұсыныстар бойынша бас жоспардың жобасына өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін. Нәтижесінде жыл соңына дейін қаланың жаңа бас жоспары толық әзірленіп, ҚР Премьер-министрінің келісімінен кейін, ҚР Үкіметінің қаулысымен бекітіледі.
-Тұрғындар тарапынан келіп түскен сұрақтар мен ұсыныстардың арасында ең жиі қозғалғаныинженерлік жабдықтау және қоғамдық көлікті дамыту мәселесі. Бұл бағытта 30 ұсыныс пен сұрақ түскен. Сондай-ақ, қала аумақтарын абаттандыру және саябақ салу жөнінде 24 ұсыныс болса, қоршаған ортаны қорғау бойынша 11 ұсыныс түсті. Қабылданған ұсыныстар салалар бойынша құзіретті мемлекеттік органдармен бірге сараланады. Сөйтіп олармен келісе отырып бас жоспардың жобасына өзгерістер енгізілуі мүмкін, – деді М.Исахов.
Айта кетейік, бас жоспарды әзірлеу үшін 2021 жылы «Градкомплекс» ЖШС-мен Шымкент қаласының сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы арасында келісім-шарт түзілген. Құжатты әзірлеуге ТМД елдерінен көлік инфрақұрылымы бойынша үздік мамандар, сәулет және құрылысы саласындағы ғалымдар мен бас жоспар әзірлеу жөнінде мол тәжірибеге ие сарапшылар шақырылды.
Олар қаланың шекараларын айқындап, аумақтық даму схемаларын, тарихи, мәдени және рухани мұраны сақтау және пайдалану тұжырымдамасын, орталықтарды, өндіріс орындарын, селитебті және рекреациялық аймақтарды орналастыру жобасын әзірлеген. Сонымен қатар көлік инфрақұрылымын дамыту ұстанымдары, соның ішінде жаңа әуежайдың, теміржол вокзалының, автобекеттің орналасатын орындарын анықтап, экономикалық кешеннің тұрақты дамуын қамтамасыз ету, экологиялық жағдайды жақсарту бойынша концептуалды ұсыныстар әзірлеген.