Өскелең ұрпақ – ел келешегі, ұлттың жалғасы. Бала болашағының іргетасы мықты болуына, ең алдымен тағылымды тәрбие мен сапалы білім ықпал етеді. Қаламыздағы жастарға кітап арқылы өзіндік даму мен өзін-өзі тану мақсатында Әл-Фараби ауданы жастар орталығы мен Абай кітапханасының №7 бөлімшесімен бірге «Bookcrossing» орналасқан саябақта «Тағылымды тәрбие-бала болашағының іргетасы» тақырыбында жасөспірімдермен кездесу өтті.
«Bookcrossing» мақсаты ол − үйімізде шаң тозаң болып жатқан немесе оқылған кітаптарға «екінші өмір сыйлау», оқырмандар арасында «кітап алмастыру» акциясын жүргізу және әр түрлі жастағы оқырмандарды кітап оқуға шақыру. Күнделікті өмірдегі әр оқырманның кітап оқу әрекетін танымал етуге өз үлесін қосу.
Бұдан әрі кез-келген оқырман осы кітап сөресінен өзін қызықтырған оқулықты тегін алып оқуына, сонымен қатар, ұнатқан кітабын өз қорындағы кітаппен алмастыруына болады. Бұл әдіс арқылы көпшілікті кітап оқуға шақыру, үндеуге мүмкіндік бермек. Әрі кітап қоры да үнемі жаңарып отырады.
Қала тұрғындарының кітап оқуға деген қызығушылығын арттырып, қазақ әдебиетінің інжу-маржандарын қолжетімді ету мақсатында буккроссинг бұрыштары ұйымдастырылуда. Өткен жылы қаладағы ауруханалар мен оңалту орталықтарында ашылған болатын. Бүгін Әл-Фараби ауданының аумағында ұйымдастырылып отыр.Бұйыртса, алдағы уақытта қаланың басқа аудандарында да ұйымдастырмақпыз — дейді Абай кітапханасының өкілдері. Көшедегі кітап сөресі қала тұрғындарын әдебиет оқуға баулып қана қоймай, адам бойындағы жауапкершілік, адалдық, тазалық сынды қасиеттерді қалыптастыра түсері сөзсіз.Себебі, кітап сөресі еш бақылаусыз, ашық алаңда орналасқан. Кез-келген қала тұрғыны сөредегі қызықтырған әдебиетті оқуға алып, қайта орнына әкелсе болды.Сондай-ақ, үйіндегі оқылған әдебиеттерін буккроссинг бұрышына сыйға да қалдыра алады.