Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов Базарқақпа тұрғын алабына барып, жөндеуден өткен жолдардың сапасын тексерді. Еңбекші ауданы аумағындағы Базарқақпа тұрғын алабының көшелері толығымен орташа жөндеуден өтті. Атап айтқанда Шахайдаров, Тельман, Жастар, Ақшенгел, Нарынкөл, Қорғамқұм, Ақыртасі, Таңыртау, Абдалиев және Жалпақтал көшелері. Аталған көшелердің орташа жөндеу жұмыстары сәуір айында басталып, өндірістік кестеге сәйкес, маусым айының соңында толығымен аяқталды. Тұрғын алаптағы осы жылы жөнделген көшелердің жалпы ұзындығы 11 шақырымды құрайды. Барлық көшелерге қалыңдығы 10 см асфальт төселді. Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы мамандарының айтуынша, 2022 жылы жоспарланған 308 көшенің бүгінгі таңда 77 нысан болатын 190 көшесінде жұмыстар толығымен аяқталды. Ал, қалған көшелерді жыл аяғына дейін аяқтау жоспарланған. Сонымен қоса, қала әкімі Мұрат Әйтенов Қаратау ауданындағы Шығыс айналма жолының құрылысын тексерді. Бүгінде айналма жолдың құрылыс жұмыстары қарқынды. Нысанның құрылысы 2021 жылы басталған. 1-кезеңі №1 автожолынан Әл-Фараби көшесіне дейінгі аралықты қамтиды. Айналма жолдың ұзындығы — 3,9 шақырым, 4 жолақты және ені — 60 метр. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстарының 28% орындалды. Қаратау ауданы Қызыл су тұрғын алабының Гулистан көшесіндегі жол жөндеу жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Гулистан көшесінің 2-кезеңі атауы жоқ көшенің соңына дейінгі аралықты қамтиды. Автомобиль жолының жалпы ұзындығы 2,7 шақырым, ал ені 5 метр. Бүгінде орташа жөндеу жұмыстары толығымен аяқталған. Шаһар басшысы жұмыстардың межеленген мерзімде және жоғары сапада орындалуын тапсырды. Айта кетейік, үшінші мегаполисте биыл 450 шақырым көшенің жол таңбалары жаңартылып, сызылатын болады. Оның ішінде 250 шақырымы термопластиктен, ал қалған 200 шақырымы акрильді бояумен сызылады.