Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев геосаяси жағдайдың күрделенуіне байланысты еліміздің азық-түлік қауіпсіздігі және бағаны тұрақтандыру мәселесіне байланысты нақты тапсырмалар берген-ді. Бұл бағытта қаламыздың ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдейтін өндірістік алаңдарын дамыту арқылы қолға алу көзделген. Бүгінгі таңда аумағы 133 гектар құрайтын «Бозарық» тамақ өнеркәсібі агро-индустриялық аймағында инженерлік инфрақұрылым жүйелерінің құрылысы жүргізілуде.
Қала әкімі индустриалды аймақтың инженерлік-инфрақұрылым жүйелерінің құрылыс жұмыстарын тексерді.
Мұнда қазір 15 шақырымдық суаққының құрылысы жүруде. Жұмыстың 46 пайызы орындалды. Сонымен бірге, электр жүйесін тарту жұмыстары қарқын алған. Индустриалды аймақты инженерлік-инфрақұрылыммен қамту толығымен 2023 жыл соңына дейін аяқталады. Ішкі және сыртқы жолдар үшін конкурс өткізілуде.
Айта кетейік, «Бозарық» тамақ өнеркәсібі индустриалды аймағы ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуге бағытталған. Мұнда құны 23 млрд.теңгені құрайтын 1 810 жұмыс орнымен 21 жоба іске асады. Ал, үшіншісі 136 гектарды алатын заманауи өнеркәсіптік жылыжай кешені аймағы. Мұнда 30 млрд. теңгеге 2 мың жұмыс орнымен 20 жоба іске асатын болады.
Бүгінде қалада бұдан бөлек, «Оңтүстік», «Тассай» индустриялық аймақ пен «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағы жемісті жұмыс істеп келеді. Оларда жалпы инвестициялық құны 100,2 млрд. теңгені құрайтын 102 жоба жүзеге асырылған.Бұдан бөлек, Шымкентте жалпы алаңы 306 га құрайтын жаңа «Жұлдыз» индустриалды аймағы құрылуда. Жаңа аймақта құрылыс, металлургия, фармацевтика және жиһаз өнеркәсібі саласындағы жобалар іске асырылады.Сондай-ақ, жалпы алаңы 136 га құрайтын «Тепличный рай» агро-индустриалды аймағын құру жұмыстары басталды. Аталған агро-индустриалды аймақта өнеркәсіптік жылыжайлар мен ауыл шаруашылық саласындағы жобалар жүзеге асырылатын болады. Бүгінгі таңда, құны 9,4 млрд. теңгені құрайтын 8 инвестициялық жоба іске асырылуы болжамдануда.