Жастардың бүгінгі мәселесінің оң шешімі жарқын болашақтың кепілі екендігі белгілі.
Заман талабына сай өзгеріп отыратын бұл мәселелер ауқымды талдау мен жүйелі шешім жолдарын қажет етеді. Ал, мәселенің мәнін дұрыс анықтау, жастармен жүйелі кездесулер мен диалогтар арқылы мүмкін екені анық.
Осы мақсатта Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов бүгін Еңбекші ауданыны жастарымен кездесті. Бұл кездесу әкімдік жанындағы жастар саясаты жөніндегі кеңестің ұйымдастыруымен ашық алаңда еркін форматта өтті. Кездесу барысында Еңбекші ауданында жастар саясатын жүзеге асыру жайы баяндалды.
-Еліміздің болашағы жастардың қолында. Сондықтан жастарды жан-жақты қолдап, өзекті мәселелерін шешіп отыру — біздің жұмысымыздың басым бағыттарының бірі болуы тиіс. Әсіресе, жастар арасындағы қылмыс пен құқық бұзушылық және нашақорлықтың алдын алу, жастарды жұмыспен қамту іс-шараларын жетілдіруді, жастардың бос уақыттарын тиімді пайдалану бағытындағы жұмыстарды күшейте түсу керек, — деді Мұрат Әйтенов.
Қала әкімі жастар арасындағы өзекті мәселелер мен ұсыныстарды тыңдады. Жастар өз белсенділігін көрсетіп, көптеген ұсыныстар мен пікірлерін білдірді. Атап айтқанда:
Еңбекші ауданына қарасты шалғай елдімекенде орналасқан жастарға қаламыздағы мәдени-тарихи кешендерге саяхат ұйымдастыру;
Жұмыссыздық деңгейін төмендетіп, жоғары оқу орындарының, колледждердің түлектерін, білімі жоқ жастарды тұрақты жұмысқа орналастыру;
Жас журналисттерге арналған семинарлар өткізу;
Қалалық және республикалық ұлттық өнер жарыстарын өткізу және бұқаралық спортты кеңінен насихаттап, дамыту.
Мұрат Дүйсенбекұлы мегаполистің дамуында жастардың үлесі, жауапкершілігі мен белсенділігінің аса маңыздылығын алға тартты. Олардың болашаққа нық сеніммен қарауы жəне жан-жақты жарасымды жетілуіне, талантты жастарға жағдай жасап, барлық оң бастамаларды қолдауға дайын екендігін жеткізді. Кездесу соңы естелік суретке түсуге ұласты.