Қазақстанның халық жазушысы, қоғам қайраткері Мұхтар Шаханов Шымкенттегі А.Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университетінде оқырмандармен жүздесті.
Ақынның 80 жылдық мерейтойы халықаралық деңгейде ТҮРКСОЙ ұйымы аясында қолға алынып, өткізілуде. Түркиядан басталған той дүбірі қаламгердің туған топырағы Отырар ауданында дүркіреді. Осыдан кейін той керуені Шымкент шаһарына келіп жеткен.
Керуен құрамында ақынның жары Ханшайым Шаханова, ҚР Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса, А.Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университетінің ректоры Рабиға Қуатбекова, заң ғылымдарының докторы Бекет Тұрғараев, жазушы Құдияр Біләл секілді елге танымал азаматтар бар.
Қайраткер ақынмен кездесуге қала тұрғындарымен қатар өңіріміздің ауыл-аудандардан да оқырмандар келді. Оқушы жастардың қарасы көп болды. Талантты жастар ақынның жырларын жатқа оқып, кеш көрігін қыздырды.
Кездесудің модераторы жазушы, профессор Құлбек Ергөбек болды.
–Мұхтар Шаханов тұлғасы – қазақ әдебиетіндегі, қазақ қоғамындағы өзгеше құбылыс. Өзінің бар жетістігімен, тіпті керек десеңіз жетпей жататын тұстарының өзімен бәрібір құбылыс, — деді сөзінде жазушы Қ. Ергөбек.
ЮНЕСКО ұйымы Мұхтар Шахановтың шығармашылығын ғаламдық деңгейдегі ой теңізіне құйылған арынды арна екенін айтып, ақынның поэзиясы әлемге ортақ құндылық екенін мәлімдеген.
Қаламгердің сөзін тыңдап, өлеңдерін естіген жас буын өкілдері жүздесуден жан-дүние байлығына кенеліп, азаматтық пен парасатты патриоттықтың тәлім-сабағынан өткендей әсерде болды. Кездесуден қала тұрғындары мол рухани азық алып қайтты.
Мұхтар Шаханов 1942 жылдың 2 шілдесінде қазіргі Түркістан облысы Төле би ауданы Қасқасу ауылында дүниеге келеді.Тәуелсіздік жылдары қазақ тілінің жанашыры, діл майданының сардары ретінде репутация қалыптастырған ақын Парламент Мәжілісінің депутаты, Қазақстанның Қырғыз Репсубликасындағы Елшісі сияқты жауапты қызметтерді атқарды. Оның қазақ әдебиетіндегі орны ерекше бөлек. Ақын ұзақ жылдар бойы «Жалын» журналын басқарған.
Айта кетсек, биыл Мұхтар Шахановтың әдебиетке, ұлт руханиятына, түркі ынтымағына сіңірген еңбегі ескеріліп, Ұлытауда өткен Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысында Қазақстанның Еңбек Ері атағы берілді.