АҚШ-тың Бирмингем қаласында өтіп жатқан Дүниежүзілік ойындарда каратэ бойынша Қазақстан құрамасының намысын қорғаған Софья Берульцева жеңімпаз атанды. Бұл туралы Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Каратэшілер бәсекесінде сынға түскен былтырғы Токио Олимпиадасының қола жүлдегері қазақстандық Софья Берульцева барлық қарсыласын қоғадай жапырып, 68 келі салмақта Дүниежүзі ойындарының чемпионы атанды. Жарыс барысында отандасымыз бес жекпе-жек өткізіп, төртеуінде жеңіске жетті. Тек бір кездесуінде ғана қарсыласымен тең түсті. Атап айтар болсақ, С.Берульцева алғашқы бәсекесінде каратэден былтырғы әлем чемпионы испаниялық Мария Торрес Гарсияпен тең түссе (7:7), кейінгі кезеңдерде америкалық Сиррус Линглды (1:4), чехиялық және тунистік қарсыласын (3:1) жеңді. Ал бас жүлде үшін өткен финалдық бәсекеде Софья Берульцеваның жолы алғашқы айналымдағы қарсыласы Мария Торрес Гарсиямен қайта түсіп, бұл жолғы бәсекеде жерлесіміз айқын басымдықпен жеңіске жетті – 7:1. Осы алтын медальдың арқасында Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық есепте алтын алған 14 елдің қатарына қосылды.
Айта кетейік, Дүниежүзілік ойындар 1981 жылдан бастап әр төрт жылда бір рет, Олимпия ойындарынан кейінгі жылы ұйымдастырылып келеді. Дүниежүзілік ойындар 2001 жылдан бастап Халықаралық Олимпиада комитетінің қол астына көшті. Әуелі бұл спорттық жарыс тек Олимпиада бағдарламасына енбейтін спорт түрлерінен өткізілсе, бертін келе 4 жылдықтың басты бәсекесіндегі спорт түрлері де қосыла бастады. Мәселен, Бирмингемде көркем гимнастика, садақ ату, шыңға өрмелеу сынды олимпиадалық спорт түрінен жүлде сарапқа салынып жатыр. Ал лакросс, каноэ-марафон, дрон жарыстыру, кикбоксинг, брейк-данс, паркур мен арқан тартыс секілді спорт түрлері биыл алғаш рет Дүниежүзілік ойындардың бағдарламасына енгізілді