Бүгінде Отбасы банк пен жеке құрылыс компаниялар ипотекалық кредиттерді рәсімдеудің жаңа жағдайлары бойынша өзара келісім-шарт жасасқан. Онда сатып алушы пәтердің жалпы сомасының 30 пайызын төлей отырып Отбасы банк арқылы ипотекалық кредит рәсімдей алады. Жылжымайтын мүлік жәрмеңкесіне арнайы қатысқан Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов, аталған жағымды жаңалықпен бөлісті. Бұл туралы Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі мәлімдеді.
Қала тұрғындары бір жерден құрылыс салушыдан ең өзекті ақпарат пен кеңес ала отырып, Отбасы банктің кеңесшілеріне есептеулер жасатып, қолайлы нұсқаны таңдай алады, тіпті 3 млн теңгеге дейінгі жеңілдікке ие бола алады. Егер келуші тұрғын үйді таңдаса және бірден банк кеңесшілерінен кредитке алдын ала мақұлдау алса, онда жеңілдік алуға болады. Ол 15 минут ішінде жасалады. Жыл басынан бері Шымкенттегі Отбасы банк арқылы 2 мың азаматқа ипотекалық кредит мақұлданған. Бұл күн сайын 10-15 адамның қолжетімді кредитті рәсімдеп, қоныс тойын тойлайтындығын білдіреді.
Шымкентте Отбасы банк арқылы жинақтау және әріқарай тұрғын үй сатып алу үшін тағы 18 мың жаңа салым шоты ашылған. Шотта бастапқы жарнаға қаражат жинақтай отырып, азаматтар тұрғын үй сатып алу үшін 3,5%-дан 8,5%-ға дейінгі мөлшерлемелер бойынша кредит алу мүмкіндігі бар.
Шымкент қаласының “Арбат” демалыс аумағында өткен жылжымайтын мүлік жәрмеңкесі 9 шілде күні де жалғасатын болады.
Айта кетейік, Шымкент қаласында тұрғын үйге мұқтаж азаматтар кезегіне тұру автоматтандырылған, тізімде 48 623 азамат тіркелген. Алдыңғы жылға қарағанда кезекте тұрғандар саны артқан. Оның басым бөлігі «Мемлекеттік қызметшілер және бюджеттік мекемелердің қызметкерлері» және көп балалы санатындағылар. Аталған азаматтарды тұрғын үймен қамту мақсатында қаламызда миллион шаршы метрден аса тұрғын үй құрылысы жүріп, барлық несиелік бағдарламалар бойынша көмек көрсету тетіктерін жетілдіру көзделген. Биыл бұл мақсатта «5-20-25» тұрғын үй бағыты бойынша 18 тұрғын үйді және «7-20-25» бағытымен 15 тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарлануда.