«Тау самалы» балалар демалыс лагерінде ұйымдастырылған Шымкенттің ерікті жастарының екі күндік слеті басталды.
Оған қаламыздың белсенді жас студенттері мен оқушылары қатысты. Барлығы да еріктілер қозғалысының мүшелері.
Жастар жиынына Шымкент қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының басшысы Мұратжан Шотанов қатысып, еріктілерден құралған жас өнерпаздардың концертін тамашалады.
—«Ерікті» деген ұғым қазаққа жат емес. Ата-бабаларымыз бір істе бір-біріне қолдау білдіргенде барлығы бірігіп асарлататын болған. Сол «асар» сөзі бүгінгі еріктінің мағынасына өте жақын. Ендеше еріктілер қозғалысы қаламызда жандана беруі тиіс, — деді басқарма басшысы.
Шымкент қалалық жастар ресурстық орталығының директоры Мағжан Исахов екі күндік слетте жастар топқа бөлініп, көшбасшылық қасиетті дамыту, адамдар арасында лидер атану бойынша дәрістер мен жаттығулардан өтіп, жеңімпаз атанғандар бағалы сыйлықтармен марапатталатынын айтты.
Демалыс аймағындағы думанды басқосуда басқарма басшысы М. Шотанов жастармен бірге алау отын жағып, «галстуксіз» жағдайда түрлі тақырып аясында өзара пікір алмасты.
2018 жылдың 19 маусымында Шымкент қаласы – республикалық маңызы бар қала мәртебесіне ие болды. Сол кезде қала әкімдігінде Отбасы, балалар және жастар істері жөніндегі басқармасы құрылып, басқармаға қарасты “Жастар ресуртық орталығы” КММ ашылды. Жаңа жұмысын бастаған мекеме Шымкент жастарының басын қосып, қала жастарына өтімді де пайдалы бірқатар жобаны сәтті жүзеге асырды. Тек ойын-сауық жобаларымен шектелмей, әлеумет, білім бағытында ірі-ірі жобалар бастады.
Атап атқанда, «Волонтермен жұмыс жүргізу» бөлімі ашыл бар. Онда Шымкент қаласынан 3 000 жас ерікті тіркеліп, бірлесіп жұмыс жүргізуде. Қаладағы волонтерлық қызметпен айналысатын ұйымдарды (Жария, Мейірім, Добряки Шымкента, Волонтер Шымкент, ASSA, Ізгілікте жарысайық, Благо дарю, Lider.kz, Жастар қуаты) біріктіріп, “Шымкент волонтерлар қауымдастығын” құрды.
Орталық сондай-ақ Шымкент қалалық халықты жұмыспен қамту орталықтары және жұмыс беруші компания, мекемелермен бірлесіп бос жұмыс орындар жәрмеңкесін ұйымдастырады.