Бүгін Шымкент қаласы мәслихатының кезектен тыс он сегізінші сессиясы өтті. Күн тәртібінде Шымкент қаласында бесінші ауданды құру және аудандардың шекараларын белгілеу туралы мәселе қаралды. Сессияға Шымкент қаласы әкімінің міндетін уақытша атқарушы Шыңғыс Мұқан, ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Нұрлан Бекназаров пен Айгүл Қапбарова қатысты.
Шымкент қаласы әкімі аппаратының басшысы Ғабит Мәуленқұловтың айтуынша, шаһардағы демографиялық өсім жоғары, қала тұрғындарының саны жыл сайын 2,5-3 пайызға дейін көбейіп келеді. Оның үстіне Шымкент республикалық маңызға ие қалалар арасында аумағының кеңдігі жағынан бірінші орында тұр.
2013 жылы Шымкентке көршілес Сайрам, Ордабасы, Төле би аудандарынан ауыл типтес 41 елді мекен қосылды. Жасыратыны жоқ, жаңа ауылдарда шешілмеген көптеген әлеуметтік проблемалар болды. Бұл шағын аудандар мен тұрғын алаптарды дамыту – кезек күттірмейтін мәселе. Аппарат басшысы осыған байланысты жаңадан бесінші аудан құру қажеттілігі туындап отырғанын атап өтті. Жаңа ауданның құрылуы қаланы басқаруды жетілдіріп, мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасын арттыруға септігін тигізеді. Күн тәртібіндегі мәселе Шымкент қаласы мәслихаты тұрақты комиссияларының бірлескен отырысында қаралып, жан-жақты талқыланғандықтан, халық қалаулылары ұсынысты бірауыздан қолдады.Осылайша, Шымкентте бесінші аудан құрылатын болды. Жаңадан құрылатын ауданның аумағы 36 мың гектарды құраса, ондағы тұрғындар саны шамамен 210 мыңды құрайды.
Шымкент қаласы – еліміздегі үш мегаполистің бірі. Қала аумағы Алматы (682 км²) және Нұр-Сұлтан (797,33 км²) қалаларынан үлкен – 1 170 км². Бесінші ауданды құру қажеттілігі қала территориясын одан әрі дамыту мен саны күн санап өсіп келе жатқан қала халқына сапалы қызмет көрсетуден туындап отыр. Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов жоғарыдағы қажеттіліктерге сәйкес бесінші аудан ашу жөнінде ұсыныс енгізген болатын.