Қазақстан Республикасының әскери қызметшілері мен азаматтарына мемлекеттік органдарда өмірдің әртүрлі аспектілеріндегі мәселелерді тиісті конституциялық-құқықтық механизмдер арқылы шешу мүмкіндігі кепілдендірілген. Олардың мемлекеттік органдарға жүгіну институты, дәстүрлі түрде адамның құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін іске асырудың және қорғаудың маңызды кепілі ретінде қарастырылады. Бұл институт Қазақстан Республикасында бұрын «Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы» Заңмен реттелген болса, қазіргі таңда Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекспен реттеледі.
Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының Бас прокуроры 2017 жылдың 24 тамызында №87 бұйрықпен «Қазақстан Республикасы прокуратура органдары лауазымды адамдарының жеке тұлғаларды және заңды тұлғалардың өкілдерін жеке қабылдау қағидаларын» бекітті.
Бұйрықта облыстардың, аудандардың прокурорлары және оларға теңестірілген прокурорлар, прокуратураның ведомстволары, мекемелері мен білім беру ұйымының басшыларына:
-прокуратура органдары, ведомстволары, мекемелері мен білім беру ұйымының басшыларының жеке тұлғаларды және заңды тұлғалардың өкілдерін жеке қабылдауын жүргізу үшін қажетті жағдайлар жасасын, қабылдау кестесін әзірлесін, қабылдауды ұйымдастыру үшін жауапты қызметкерлерді анықтасын, олардың байланыс телефондары мен қабылдау кестелерін бұқаралық ақпарат құралдарында жариялау;
— жеке тұлғалардың және заңды тұлғалар өкілдерінің жолданымдарын тиісінше қабылдау мен қарауды Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінде белгіленген тәртіпте және мерзімдерде қамтамасыз ету жүктелген.
-Күнделікті қабылдауды әскери прокуратура органдарының басшылары бекіткен кестелерге сәйкес, жұмыс уақытында сағат 9.00-ден бастап 18.30-ға дейін қабылдауға өкілеттік берілген әскери прокуратура органдарының қызметкерлері (әскери прокурор, оның орынбасары немесе кезекші прокурор) жүзеге асырады.
-Лауазымды тұлғаның аты-жөні және тегі (бар болған жағдайда), қабылдау күндері көрсетілген қабылдау кестесі мемлекеттік және орыс тілдерінде әскери прокуратура органдарының ғимараттарында көпшіліктің назарына қолжетімді орындарда ілінеді, сондай-ақ олардың ресми сайттарында орналастырылады.
-Қаладан тысқары келушілерге әскери прокурорлар белгіленген кестеге қарамастан олар жүгінген күні қабылдауға бар мүмкіндікті жасайды.
-Қабылдау өтініштердің кезектілік тәртібімен жүргізіледі. Ұлы Отан соғысына қатысушылар, оларға теңестірілген тұлғалар, мүгедектер, жүкті әйелдер, «Алтын Қыран» орденімен марапатталған, «Халық қаһарманы», «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы бар тұлғалар кезектен тыс қабылданады.
-Қабылдау кезінде жеке тұлға немесе заңды тұлғаның өкілі жеке басын куәландыратын, ал басқа тұлғалардың атынан жүгінген кезде — олардың мүдделеріне өкілдік етуді растайтын құжаттарды көрсетуі қажет.
-Әскери прокуратура органдарына әскери қызметшілердің немесе азаматтардың жүгінетін мәселелерінің көлемі ауқымды, сондай-ақ әртүрлі. Көбіне олар тұрғын үй мәселелері және зейнетақымен қамсыздандыру, әскерге шақыру мәселелерімен жүгінеді. Сондай-ақ, арызданушылар басшылардың заңсыз әрекетіне немесе әрекетсіздігіне шағым келтіреді. Қабылдау барысында өтініш иелерінің мәселелері мен уәждерін толығымен тыңдалып, заң талаптарына сәйкес түсініктемелер беріледі, сондай-ақ құзыреттілігіне байланысты бағытталады.
-Бұл ретте, жеке қабылдауға жазылу немесе жүгіну қажет болған жағдайда Шымкент гарнизонының әскери прокуратурасында тәулік бойы «8 777 5420281» сенім телефонының жұмыс жасайтынын және Сізге белгілі болған кез келген құқық бұзушылықтар бойынша жүгінуге болатынын хабарлаймыз.