2022 жылы 57 мыңнан астам қала тұрғынын жұмыспен қамту шараларымен қамту көзделуде. Бұл туралы қала әкімі Мұрат Әйтенов Нұр-Сұлтан қаласындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз брифингінде мәлімдеді.
-Жыл басынан бері 5 айда 22 мыңнан астам тұрғын еңбекпен қамту шараларымен қамтылды. Бұл бағыттағы жобаларды жүзеге асыруға жалпы 7,2 миллиард теңге қаралған. Біздің мақсатымыз – әлеуметтік көмекке мұқтаж азаматтар санын азайту, ол үшін тұрғындарды жұмыспен қамту – аса маңызды, – деді Мұрат Әйтенов.
Ал мүгедектігі бар тұрғындарды қолдауға бюджеттен 4,5 млрд теңге қаралған. 2021 жылы бұл мақсатқа 3,7 млрд теңге бөлінген болатын.
«Бақытты жанұя» орталығында көп балалы
7 062 анаға әлеуметтік көмек көрсетілді.
2022 жылы «Жастар практикасына» 2098 жасты қамту жоспарланып отыр. Қазіргі уақытта 919 жас жолдама алып, олар барған жерлерінде еңбек етуде. Айта кету керек, «Жастар практикасы» — уақытша жұмыс орны саналады және оған 29 жастан аспаған «жұмыссыз» мәртебесі бар және соңғы үш жыл ішінде (2020,2021,2022ж) жоғарғы оқу орындары мен колледждердің техникалық және кәсіби білім түлектері қатыса алады. Шымкентте жастарды жұмыспен қамтуға бағытталған «Алғашқы жұмыс орны» жобасымен жыл басынан 90-нан астам жас жолданған. Жалпы, жыл соңына дейін барлығы 200-ден астам жасты қамту жоспарланып отыр. Ал, өткен жылы 118 шымкенттік жасқа аталған бағдарлама бойынша жолдама берілген. «Алғашқы жұмыс орны» жобасына 29 жасқа дейінгі мүлдем жұмыс өтілімі жоқ жұмыссыз жастар, оның ішінде NEET санатындағы жастар қатыса алады. Сонымен қатар, алғашқы жұмыс орнына орналасуға көп балалы немесе аз қамтылған отбасы мүшелеріне, еңбекке қабілетті мүгедектер мен техникалық және кәсіптік мамандық иелеріне басымдық беріледі.