Атқарушылық іс жүргізу – борышкерден атқарушылық санкциясын атқарушылық іс жүргізу бойынша өсімпұлдарды, шығыстарды, жеке сот орындаушысының қызмет ақысын өндіріп ала отырып, атқарушылық құжаттарды мәжбүрлеп орындатуға бағытталған шаралар.
Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 2 сәуірдегі Заңына (бұдан әрі – Заң) сәйкес азаматтық және әкiмшiлiк iстер бойынша сот шешiмдерiнің, ұйғарымдардың, әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша нұсқамалар мен қаулылардың, мүлiктiк өндiрiп алу бөлiгiнде қылмыстық iстер бойынша үкiмдер мен қаулылардың, сондай-ақ өзге де органдар қаулыларының негізінде берілетін атқарушылық құжаттарды мәжбүрлеп орындатуға бағытталған шараларды мiндеттi және уақтылы қолдану атқарушылық iс жүргiзудің мiндеттерi болып табылады.
Заңның 3-бабында көрсетілгендей, атқарушылық iс жүргiзу – заңдылық, атқарушылық іс-әрекеттерді жүргізу мен мәжбүрлеп орындату шараларын қолданудың уақтылы және айқын болуы, адамның ар-намысы мен қадір-қасиетін құрметтеу, борышкер мен оның отбасы мүшелерінің өмір сүруіне қажетті мүліктің ең аз мөлшеріне қол сұғылмаушылық, өндіріп алушы талаптарының көлемі мен мәжбүрлеп орындату шаралары арақатынасының салыстырмалылығы, өндіріп алынған сомалар кезектің барлық талаптарын толық қанағаттандыруға жеткіліксіз болған кезде оларды бір кезектегі өндіріп алушылар арасында бөлудің барабарлығы, атқарушылық құжатты мәжбүрлеп орындату жөніндегі шығыстарды борышкердің есебінен өтеу және сот орындаушысының іс жүргізу әрекеттері мен қаулыларына сотқа шағымдануға еркіндік принциптері бойынша жүзеге асырылады.
Сонымен қатар, Заңда атқарушылық iс жүргiзудің тараптары мен олардың құқықтары айқындалған.
Өз пайдасына немесе мүдделерiне атқарушылық құжат берiлген жеке немесе заңды тұлға өндiрiп алушы, ал, атқарушылық құжатта көзделген талаптарды орындауға мiндеттi жеке немесе заңды тұлға борышкер болып табылады.
Атқарушылық iс жүргiзу тараптары атқарушылық iс жүргiзу материалдарымен, оның ішінде электрондық нысанда танысуға, олардан үзiндi көшірмелер жасауға, көшiрмелерiн алуға, қосымша материалдар беруге, өтiнiш бiлдiруге, атқарушылық әрекеттер жасауға қатысуға, атқарушылық әрекеттер процесiнде ауызша және жазбаша түсiнiктер беруге, атқарушылық iс жүргiзу барысында туындайтын барлық мәселелер бойынша өз дәлелдерi мен пiкiрлерiн айтуға, атқарушылық iс жүргiзуге қатысушы басқа адамдардың дәлелдерi мен өтiнiштерiне қарсылық бiлдiруге, бас тартатынын мәлiмдеуге, атқарушылық iс жүргiзу мәселелерi бойынша сот орындаушысының әрекеттерiне (әрекетсіздігіне) немесе шешiмдерiне шағым жасауға, бітімгершілік келісімді бекіту туралы өтінішпен сотқа жүгінуге құқылы.
Борышкер атқарушылық іс жүргізу аяқталғанға дейін айына бір рет, сондай-ақ шақырған жағдайларда сот орындаушысына келуге міндетті. Келмеуі Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылыққа әкеп соғады.
Заңда атқарушылық іс жүргізудегі прокурордың рөлі де айқындалған.
Заңның 25-бабына сәйкес прокуратура мемлекет атынан атқарушылық іс жүргізудің заңдылығын қадағалауды жүзеге асырады, кез келген заң бұзушылықты анықтау мен жою жөнінде шаралар қабылдайды.
Прокурор атқарушылық іс жүргізуді, оның ішінде атқарушылық іс жүргізу тараптарының шағымдары мен арыздары бойынша атқарушылық іс жүргізуді өз өкілеттіктері шегінде үш жұмыс күнінен аспайтын мерзімге талап етіп алдыруға және тексеруге құқылы.
Сот орындаушысының әрекетіне (әрекетсіздігіне) және қаулысына прокурорлық қадағалау актісі енгізілуі мүмкін, ол заңда белгіленген мерзімде міндетті түрде қарауға жатады.
Прокурор, егер сот орындаушысының атқарушылық іс жүргізу жөніндегі әрекеттері (әрекетсіздігі) адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарына, заңды тұлғалардың, қоғам мен мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделеріне зиян келтіруі және мемлекеттік органдардың, халықтың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ететін мекемелер мен кәсіпорындардың жұмыс істеуіне кедергі келтіруі мүмкін болса, атқарушылық құжатты сот орындаушысының іс жүргізуінен алып қоюға және оны осы Заңға сәйкес басқа сот орындаушысына беру үшін аумағы бойынша тиісті әділет органына не жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасына беруге құқылы.
Шымкент гарнизонының әскери прокуратурасымен 2021 жылы және 2022 жылдың өткен мерзімінде әскери ведомстволардың талап-арызы бойынша мемлекет кірісіне өндіру туралы сот актілерін орындау заңдылығының жай-күйіне қатысты талдау жүргізілген.
Талдаумен анықталғаны, 2022 жылдың басындағы жағдай бойынша Шымкент гарнизонында 111 091 832 теңге сомада 98 атқару өндірісі болған, оның 19 349 882 теңге сомадағы 18 атқару өндірісі ұзақ уақыт бойы орындалмаған.
Атап айтқанда, 2013 жылдан бастап – 2, 2014 жылдан – 3, 2016 жылдан – 1, 2017 жылдан – 7 және 2018 жылдан – 5 атқару өндірістері орындалмаған.
Талдау көрсеткендей, орындамаудың негізгі себептері борышкерлердің төлем қабілетсіздігі, оларды іздестіру, борышкерлердің өндіріп алуға жататын мүлкінің болмауы және т.б. болып табылады.
Оның тағы бір себебі, сот орындаушыларының әрекетсіздігінен, олардың өз қызметіне адал емес және жөнсіз қатынасынан, атқарушылық іс жүргізу заңнамасының талаптарын бұзу нәтижесінде атқару өндірістері орындалмай келеді.
Талдаудың нәтижесінде, Шымкент қаласы және Түркістан облысының әділет Департаменттеріне заңдылықты бұзушылықтарды жою туралы 2 ұсыну енгізілді.
Ұсынуларды қарау нәтижесінде, 31 тұлға тәртіптік жауаптылыққа тартылып, 21 құжат орындалып, мемлекет кірісіне 3 784 075 теңге өндірілді және ұзақ уақыт бойы орындалмай келген 6 атқару ісі орындалды (2014, 2017, 2018, 2019 және 2020 жылдардан бері).
Одан бөлек, борышкерлерді іздестіруді тиісінше ұйымдастырмау және іздестіру істерін созбалаңға салу мәселелері бойынша Шымкент қаласының полиция Департаментіне бөлек қадағалау актісі енгізілді, ол бойынша 2 тұлға тәртіптік жуаптылыққа тартылды.
Шымкент гарнизонының әскери прокуратурасымен атқарушылық өндірістердің орындалуы қатаң бақылауда тұр.
Сонымен қатар, заңды күшіне енген сот актілері мемлекеттік органдардың жергілікті өзін өзі басқару органдарының, заңды тұлғалардың, лауазымды адамдардың, азаматтардың бәріне бірдей міндетті және Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында сөзсіз орындалуға жатады.
Сот актілерін орындамау, сол сияқты сотты сыйламаудың өзге де көрінісі заңда көзделген жауаптылыққа әкеп соғады.
Осыған орай, борышкерлер еліміздің Конституциясы мен басқа да нормативтік құқықтық актілердің талаптарын орындап, өздерін артық жауапкершілікке ұрындырмағандары жөн.
А.Ақтілеу
Шымкент гарнизоны
әскери прокуратурасының прокуроры
әділет аға лейтенанты