Қала күніне орай «Қазақ аналары — дәстүрге жол» республикалық жобасының мерекелік іс-шарасы өтті. Ұлттық салт-дәстүрлерді ұрпақтан ұрпаққа жеткізуді мақсат еткен жобаның мерекелік концерттік бағдарламасы Абай ауданы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылды.
Шымкент қаласы Абай ауданы әкімінің орынбасары Е.Заңқоев мұндай жаңа бастамалардың жастарға берері мол екенін, тағылымды жобаларды қолдауға әркез дайын екенін жеткізді.
Республикалық жобаның Шымкент қаласы бойынша филиалы биыл
наурыз айында құрылған болатын. Жобаның негізін қалаушы Айнұр Жүгінісова көпшілікті қала күнімен құттықтап, авторлық әндерін тарту етті.
Іс-шарада ұмыт қалған салт-дәстүрлерімізден көрініс көрсетіліп, келіннің бетін ашу, тұсаукесер және тағы басқа дәстүрлеріміз дәріптелді.
«Қазақ қыздары» ұлттық киімдерінен дефиле және балалар киімдерінің үлгісі көрсетілді.
Қазақтың көне ұлттық киімдеріндегі ою-өрнектерді сақтай отырып, қазіргі уақытқа ыңғайланған сан алуан киімдер мен әшекейлерді қолданысқа енгізуге, күнделікті гардеробымызды ұлттық үлгіде тігілген киімдермен толтыруға болады деп ойлаймын. Ұлттық үлгіде тігілген киім арқылы жастардың бойына патриоттық сезім ұялатуға болады. Отандық өндірісті қолдай отырып, экологиялық таза материалдан бірталай киім мен әшекейлерді киюге жол ашу керек. Шетелдерге өзіміздің ұлттық элементтері бар сапалы киімдерімізді ұсына отырып, отандық өнімдерімізді экспортқа шығаруға барлық күш-қуатымызды салсақ жөн. Абайдың айтуынша, «киім кию салты арқылы адамның мінез-құлқы, қоғамдағы орны, болмысы анықталады». Сондықтан еліміздің жастары сәнді және әдемі киінсе, олардың өмір сүру сапасы да жақсара түседі.
Шара барысында қолөнер шеберлері мен студенттердің қолөнер бұйымдарының көрмесі ұйымдастырылды.