Үшінші мегаполистегі Қала күніне арналған іс-шаралар гала-концертпен қорытындыланды. Әл-Фараби алаңында өткен мерекелік кешті Айгерім Қалаубаева, Ғазизхан Шекербеков, Ләйлә Сұлтанқызы және Нұрсұлтан Құрман жүргізіп отырды.
«Құрметті шымкенттіктер, қадірлі достар! Бүгін барлығымыз Шымкент қаласының туған күнін атап өтеміз. Сондықтан, бүгін барлығымыз шымкенттікпіз, жерлеспіз» деген жүргізушілер түрлі қызықты сұрақтар қойып, естеліктер айтып, көпшіліктің көңіл-күйін көтеруге атсалысты. Ал қала әкімі Мұрат Әйтенов мегаполис тұрғындарын құттықтады.
– Құрметті шымкенттіктер! Баршаңызды қала күнімен құттықтаймын! Шымкент тұрғындарының орташа жасы – 28-де, қаламыз жастардың қаласы саналады. 2200 жылдан астам тарихы бар шаһардың мегаполис атанғанына да биыл 4 жыл толды. Осы уақыт ішінде қалада көптеген өзгеріс орын алып, Шымкент бұрынғыдан да дами түсті. Бүгін футболшыларымыз да қала күніне сыйлық жасады. «Ордабасы» клубы Оңтүстік дербиінде «Тараз» командасынан 3-2 есебімен басым түсті. Ал осынау мерекелік концертті ұйымдастырушыларға үлкен алғысымды білдіремін. Шымкент қаласы дами берсін! – деді Мұрат Дүйсенбекұлы.
Бұдан кейін Қазақстан эстрадасының жұлдыздары көпшілікке арнап ән салып, концерт көркін қыздыра түсті. Халық алдында Заттыбек, Медеу Арынбаев, Бауыржан Исаев, Айгерім Қалаубаева, Ғазизхан Шекербеков, «Жігіттер», FM топтары және тағы да басқа өнерпаздар өнерлерін паш етті.
Естеріңізге сала кетейік, Шымкент қаласы мәслихатының кезектен тыс 40-сессиясында депутаттар қала күнін ресми белгіледі. Бұл да тарихи шешімдердің бірі. Бұдан былай қала күні мерекесі ресми 19 маусым күні атап өтіледі. Айта кетейік, Мемлекет басшысы 2018 жылғы 19 маусым күні Шымкентке республикалық қала дәрежесін беру туралы Жарлыққа қол қойған еді.