Шымкент қаласы Абай атындағы орталық кітапханада ақын, журналист, сатирик Нұрқасым Омарбековтің 65 жылдық мерейтойына орай «Сырдан шыққан бір сүлей» тақырыбында кездесу кеші өтті. Рухани кешке ақын-жазушылар, мәдениет қайраткерлері, замандас, қанаттас достары қатысты. Кеш қонақтары ақынның өмірі мен шығармашылығына тоқталды. Нұрқасым Омарбеков Жетісай қаласындағы Ғ.Мұратбаев атындағы мәдени-ағарту техникумында білім алып, Шымкент каласындағы «Металлург» мәдениет сарайында үйірме жетекшісі, директор орынбасары қызметтерін атқара жүріп қолынан қаламын тастамаған және республикалық «Шалқар термелері» байқауына қатысып, бас жүлде иемденген азамат.
Сатирик жазушы, журналист, Халықаралық Алаш әдеби сыйлығының иегері Сабырбек Олжабай жүргізген кешке Қазақстан Жазушылар мен Журналистер Одағының мүшесі, Қазақстанның құрметті журналисі, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері Серік Жанәбіл, ХЖО мүшесі, жазушы Атанбек Наурыз, журналист Нағима Сүлеймбекова, композитор Садық Қынат, патриоттық қозғалыс «Желтоқсан ақиқаты» республикалық қоғамдық бірлестігінің Түркістан өңірлік басшысы Сәжида Әлжанова, әнші Ажар Жұмабекова және т.б. қатысып, ақынның журналистикаға қызығушылығы мен арманының арқасында «Шымкент келбеті», «Куәгер», «Бизнес және саясат», «Жаңа Қазақстан» газеттерінде еңбек еткенін айтты. М.Әуезов атындағы ОҚУ, Шымкент қаласы байланыс колледжінің студенттері ақынның өлеңдерін оқыды. Осылайша белгілі қаламгер Нұрқасым Омарбековтің 65 жылдық мерейтойына арналған әдеби кеш автордың шығармашылығын насихаттап қана қоймай, жиналғандарға рухани азық сыйлады.