Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов азаматтарды жеке мәселелері бойынша кезекті бірыңғай қабылдау өткізді. Қабылдауға 100-ден аса азамат жазылып, өтініштерін білдірді. Тұрғындар негізінен тұрғын үй, әлеуметтік сала және инфрақұрылым мәселелері жөніндегі талап-тілектерін жеткізді.
«Аманат» партиясының қалалық филиалы ғимаратында өткен біріңғай қабылдауда қала әкімінің орынбасарлары мен басқарма басшылары және қаланың бас прокуроры Ғ.Мұқанов, Полиция департаментінің басшысы Қ.Дәлбеков және «Аманат» партиясының атқарушы хатшысы Ж.Бектаева да тұрғындардың жеке мәселесін тыңдады.
Тұрғындардың басым бөлігі жеке мәселесімен келген. 17 азамат баспанамен қамтуды, 15 тұрғын жер телімін үлестіру мен жерді заңдастыру, 10 тұрғын әлеуметтік көмек көрсетуді сұрап келген. Одан бөлек, қоғамдық мәселені арқалап келген 15 азамат жол құрылысының сапасы, мектеп пен емхана құрылысы, бағдаршам орнату, алея салу секілді ұсынысын жеткізді.
Сонымен қатар, тұрғындар жұмысқа орналасу, кәсіп бастауға қолдау көрсету, мал шаруашылығы үшін субсидия, жерді мемлекет иелігіне қайтару, тегін дәрі-дәрмекпен қамту мәселелерін де жеткізді.
Шаһар басшысы Мұрат Әйтенов тұрғындардың өтініштерін мұқият тыңдап, жер учаскелерін заңдастыру бойынша туындаған барлық мәселелер заң талаптары аясында шешілетінін атап өтті.
«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы – бұл ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауына арқау болған бағыттардың бірі. Мемлекет басшысының бұл тұжырымдамасы көптеген мәселеге қозғау салып, қалың ел тарапынан қолдау тауып отыр.
Билік бұқараға барынша жақын болуы керек. Шенеуніктер алдына келген адамға шекесінен қарамай, қайта мәселесін шешіп беруге ұмтылуы тиіс. Шымкент қаласының әкімдігі осы бағытта нәтижелі жұмыстар атқаруда.