Бүгін Шымкент қаласы білім басқармасының ұйымдастыруымен балаларға арналған мерекелік іс-шара өтті. Іс-шара «1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні» және «2022 жыл – Балалар жылы» аясында ұйымдастырылып, оған №3, №4 балалар үйінің жеткіншектері қатысты. Іс-шараның мақсаты – келешек ұрпақтың бойына елжанды, адал, білімді, талантты, мейірімді, жалпы адами құндылықтарын қалыптастыру. Мерекелік тарту «GRAVITY» және «Фиркан CITY» ойын сауық орталығында жасалды.
– Бала – біздің болашағымыз. Балғындарымыздың бақытты өмір сүріп, сапалы білім алуына, оларды демеп, қамқорлық таныту – біздің міндетіміз. Мереке күнінде жеткіншектердің басын қосып, олардың жалғыз емес екенін сезіндіріп, көңіл-күйін көтеріп, жүздерінен бақыттың қуанышын көргіміз келеді, — деді Шымкент қаласының білім басқарма басшысының орынбасары Гүлісхан Сайфулинқызы.
Айта кетсек, Шымкент қаласы бойынша балалар үйінде 894 бала тәрбиеленіп жатыр. Мерекелік іс-шараға №3, №4 балалар үйінің 120 тәрбиеленушісі мен 86 ата-ана қамқорлығына өткен балалар қатысты. Оларға демеушілер тарапынан қолдау көрсетіліп, «GRAVITY» батутында ойнап, «Фиркан CITY» кинозалында мултьфильм мен кино тамашалап, бір сергіп қалды. Балаларға сыйлықтар үлестірілді. Мереке соңында білім басқармасының орынбасары демеушілерге өз алғысын білдіріп, алғыс хатпен марапаттады.
1 маусым — Халықаралық балаларды қорғау күні. Бұл мейрам барлық елде 1950 жылдан бері тойланып келеді. Мақсаты балалардың өмірін, құқығын, денсаулығын қорғап, оларға қамқорлық жасауды тағы бір еске салу. Осылайша болашақ ұрпақтың бақытты өмірін қалыптастыру. Бұл күні жер-жерде балаларға арналған мәдени шаралар ұйымдастырылып, мерекелік көңіл-күй сыйланады.