Бүгін Шымкентте оқушылар арасында өткен «Шымкент жастар лигасы» атты спорттық жарыс мәресіне жетті.
Қажымұқан Мұңайтпасұлы атындағы орталық стадионда футболдан финалдық кездесу өтті. Онда Абай атындағы дарынды балаларға арналған №90 мамандандырылған мектеп-лицейі мен Ыбырай Алтынсарин атындағы №65 мектеп-гиманзиясының оқушыларынан құралған командалар кездесті. Тартысты өткен ойында 3-1 есебімен №65 мектептің футболшылары жеңіске жетіп, Шымкент жастар лигасының чемпионы атанды.
Ойыннан кейін Шымкент жастар лигасының салтанатты жабылу рәсімі өтті. Онда Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов сөз сөйлеп, жарыстың жеңімпаздары мен жүлдегерлерін құттықтады.
—Міне, екінші жыл бұқаралық спортты дамытуда үлкен жоба бастап, өз нәтижелерін көрсетіп келеді. Мұндағы басты мақсат — жастардың кәсіби спортқа бет бұруының бастамасын мектеп кезінен қалыптастыру. Екінші жағынан, еңбекқорлығымен, әрекетімен өз білім ұяларының абыройын көтеру, — деген Мұрат Дүйсенбекұлы жарыстың жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттады.
Шымкент жастар лигасы спорттың төрт түрі, атап айтқанда, футбол, баскетбол, волейбол және шахмат бойынша өтті. Жарыстың жалпы жүлде қоры 80 миллион теңгені құрады. Яғни, әр спорт түрі бойынша жеңімпаз атанған командаға 20 миллион теңгеден ақшалай сыйлық табыс етілді. Бұл қаржы мектептердің материалдық-техникалық базасын нығайтуға жұмсалады.
Сонымен «Шымкент жастар лигасында» шахмат бойынша Ө.Жолдасбеков атындағы №9 ІТ лицейдің командасы иеленді.
Ал, волейбол бойынша бірінші орынды Әл-Фараби атындағы №113 жалпы мектептің командасы жеңіп алды.
Баскетбол бойынша М.Х.Дулати атындағы мектеп-гиманзиясының командасы жарыстың жеңімпазы атанды.
Футболдан Ы.Алтынсарин атындағы №65 мектеп-гиманзияның командасы лиганың чемпионы атанды.
Айта кетейік, жарысқа Шымкенттегі 151 орта мектептен 6 мыңға жуық оқушы қатысты. Жабылу рәсімінің соңы отандық эстрада жұлдыздарының қатысумен өткен концертке ұласты.