Ағымдағы жылдың 5-маусымында өтетін референдумның халық тағдырына қандай оң өзгерістер сыйлайтынын тұрғындарға түсіндіру жұмыстары жалғасын табуда. Осы орайда Өзбек драма театр ұжымымен, «Испиджаб» бастауыш партия ұйымының мүшелерімен кездесу өтті.
Кездесуге «AMANAT» партиясының референдумды қолдау жөніндегі Республикалық штабтың мүшесі, ақын, «Қаратау» өнер мектебінің директоры Біржан Байтуов, мәслихат хатшысы, Республикалық штабтың мүшесі Жадыра Таңатарова, «AMANAT» партиясы Қаратау аудандық филиалының Атқарушы хатшысы Ә. Иманқұлов қатысты.
Кездесу кезінде штаб мүшелері алдағы референдумның саяси маңызы туралы ақпарат берді.
— «Елдегі кезкелген өзгеріс, түптеп келгенде, Ата Заңға байланысты екені белгілі. Референдум – бұл халқымыз үшін жауапты сынақ. Әрі ел болашағын айқындайды. Бұл реформалардың мақсаты – халықтың әл-ауқатын арттыру, елдегі бірлік пен ынтымақты бекемдей түсу. Сондықтан да біз саяси реформалардың қажеттілігі мен маңыздылығын түсіндіру үшін ерекше күш салып жатырмыз»,-деді штаб мүшесі Жадыра Таңатарова.
Конституциялық өзгерістер билік тармақтары арасындағы қарым-қатынастың тепетеңдігін және оңтайлы болуын қалыптастырады. Конституциялық реформа азаматтардың елді басқару ісіне қатысу мүмкіндігін арттырады және саяси үдерістерді шын мәнінде демократияландырады.
Кездесу соңында штаб мүшелері жиынға қатысушыларды референдумға қатысуға шақырды.