Бүгін Еңбекші ауданына қарасты «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында орналасқан «Shymkent qagazy» ЖШС ұжымымен кездесу өтті. Жиынға ҚР Мәжіліс депутаттары Ғ.Ташқараев, Б.Бекжанов, «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалының Атқарушы хатшысы Ж.Бектаева, Шымкент қалалық мәслихат депутаттары Р.Оспанәлиева, Б.Әшірбаев және «AMANAT» партиясы Еңбекші аудандық филиалының Атқарушы хатшысы Г.Жартыбекова қатысты.
Түсіндірме жұмыстары барысында Ата Заңға енгізілетін толықтырулар мен өзгерістер туралы тоқтала отырып, конститутциялық реформалар біздің мемлекетіміз үшін және әрбір азамат үшін маңызды процесс екеніндігі түсіндірілді. Халық қалаулысы Б.Бекжанов өз сөзінде әр дауыстың маңызы ерекше екеніне тоқталды. — «Конституцияға референдум арқылы 1995 жылдан бері өзгеріс енгізілген жоқ. Сондықтан Мемлекет басшысы осындай ұсыныс жасап отыр. Енді осы саяси науқанға біздің еліміздің әрбір тұрғыны қатысып, өз ұстанымын білдіруі керек» — деді ол.
«Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағы аумағында В-0, В-1, К-0 және К-1 маркалы картон қағазын шығаратын «Shymkent Qagazy» ЖШС зауыты 2021 жылдың 16 желтоқсанында іске қосылған болатын. Жобаға салынған инвестиция көлемі 1,5 млрд теңге, жаңа жұмыс орындарының саны 50 адам. Жобаның өндірістік қуаттылығы – жылына 3 миллион қорап, 10 мың крафт-қағаз. Дайын өнім ішкі нарықта толығымен қолданыста. Алдағы күндері компания өз өнімдерін ТМД, Қытай және Шығыс Еуропа елдеріне экспорттауды жоспарлап отыр.