«Шымкент жастар лигасы» жобасы аясында спорт бәсекелері жалғасуда. Бүгін З.Косодемяньская атындағы №23 мектеп-лицейінде оқушылар арасында баскетбол ойындарының финалдық кезеңі өтті.
Шымкент қаласы әкімінің орынбасары М.Исахов, Шымкент қаласы ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының басшысы М. Шотанов финалдық сынды тамашалап, жас спортшыларға қолдау білдірді.
Баскетболдан додаға 122 команда, 1464 оқушы қатысып финалдық кезеңге 16 команда жолдама алған болатын. Ұлдар арасындағы дүбірлі дода аса тартысты өтті. Жеңіске жету үшін жас сайыскерлер бар күш-жігерін жұмсады.
Қорытындысында, спорттық додада М.Х. Дулати атындағы №8 мектеп — гимназиясы оқушылары жеңіске жетіп, лига жеңімпазы атанды. ІІ-орынға Әл-Фараби атындағы №113 жалпы орта білім беретін мектебінің командасы ие болды. Ы.Алтынсарин атындағы №65 мектеп-гимназиясы үшінші орын алды.
Жеңімпаз командаға 20 млн. теңге табыс етілді. Қалған жүлдегерлер диплом және Кубоктармен марапатталды. Мектептің бұл қаражатты қайда жарататынын, мектеп мұқтажына жарату шартымен білім ордасы ұжымының өзі анықтайды. Командаларды салтанатты түрде марапаттау рәсімі 1 маусым күні «Қажымұқан» атындағы орталық стадионда өтеді.
Айта кетейік, «Шымкент жастар лигасына» қатысуға 140 білім ұйымынан, 536 командадан өтініш түскен. Ойындарды үйлестіру үшін 420 денешынықтыру маманы жұмылдырылып, тікелей 8 569 оқушы қатысуда. Ал шахмат ойындарына жалпы 140 мектеп қатысуға өтінім білдіріп, 560 оқушы бақ сынады.