Шымкент қаласындағы Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің ұйымдастыруымен оқу орнының ішкі корпусының ауласында бітіруші түлектерге бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі ұйымдастырылып өткізілді. Аталған шараға қалалық халықты жұмыспен қамту орталығы да атсалысты.
Әлеуметтік маңызы зор шараға қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Б.Нарбекова арнайы қатысып, жастарды жұмыспен қамту шараларына белсене қатысуға шақырды және жәрмеңкеге қатысуға ниет білдірген жұмыс берушілерге (негізінен қаладағы ірі өндіріс орындары, зауыттар, фабрикалар, құрылыс компаниялары) алғысын білдірді.
Дәстүрлі түрде өткізіліп тұратын бұл жолғы жәрмеңкеде техникалық — кәсіптік бағыттағы 100-ден астам бос жұмыс орындары ұсынылды. Сонымен қатар орталық мамандары келуші жастарға “Жастар практикасы”, “Алғашқы жұмыс орны” жобалары туралы толыққанды ақпарат ұсынды.
Шымкентте жастарды жұмыспен қамтуға бағытталған «Алғашқы жұмыс орны» жобасымен жыл басынан 90-нан астам жас жолданған. Жалпы, жыл соңына дейін барлығы 200-ден астам жасты қамту жоспарланып отыр. Ал, өткен жылы 118 шымкенттік жасқа аталған бағдарлама бойынша жолдама берілген. «Алғашқы жұмыс орны» жобасына 29 жасқа дейінгі мүлдем жұмыс өтілімі жоқ жұмыссыз жастар, оның ішінде NEET санатындағы жастар қатыса алады. Сонымен қатар, алғашқы жұмыс орнына орналасуға көп балалы немесе аз қамтылған отбасы мүшелеріне, еңбекке қабілетті мүгедектер мен техникалық және кәсіптік мамандық иелеріне басымдық беріледі.