Бүгін Кентау қаласы, Ынтымақ алаңында жас сарбаздарды әскерге шығарып салу рәсімі өтті. Оған Түркістан облысы қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы, полковник Нұрмаханбет Дюсебаев, қала әкімі Рашид Аюпов, Түркістан облысы ауған соғысы ардагерлері мен мүгедектері кеңесінің төрағасы Тұрғанбек Бегимов қатысып, бұл азаматтар әскердің айбынын асқақтатуға үлес қосатындарына сенім білдірді.
Қарулы күштер қатарына мерзімді қызмет өткеру үшін Түркістан облысынан алғашқы топпен 50 бозбала жіберілді. Жас жауынгерлер әскери мамандықты Гвардейск гарнизонында орналасқан ҚР ҚК Құрлық әскерлерінің оқу орталығында алатын болады. Айта кету керек, бұл жігіттер 6 ай бойы танк, бронетранспортер немесе жауынгерлік көліктің механик-жүргізушісі, артиллериялық және миномет қаруының нысанашысы сияқты әскери мамандықтар бойынша оқудан өтеді. Оқу аяқталғаннан олар әскери бөлімдерге мамандар ретінде жіберіледі.
Салтанатты жиынға әскери ардагерлер, ата-аналар мен қала жастары да қатысып, сәт-сапар тіледі. Арнайы концертік бағдарлама көрсетілді.
Айта кетейік, 22 сәуірде Кентау қаласында жастарды отансүйгіштікке баулитын «Айбын» әскери жаттығу ойындарын, 7 мамырда жастардың шеруін өткізу жоспарлануда. Әскери-патриоттық бағыттағы жұмыстар Түркістан облысының өзге аумақтарында да жыл бойы ұйымдастырылады.