Бүгін қала әкімі М.Әйтенов кезекті рет Абай ауданының белсенділерін қабылдады. Онда шаһар басшысының елдімекендерді аралап аудан тұрғындарымен кездесуі барысында және 29 қаңтар күні Абай ауданының белсенді азаматтарын қабылдауда берген тапсырмаларының орындалу барысы талқыланды.
Аталған тапсырмаларды орындау мақсатында 21 елдімекеннің тұрғындарымен және қоғамдық бақылау кеңесінің әрбір мүшесімен кездесулер ұйымдастырылып, атқарылып жатқан жұмыстар жан-жақты түсіндірілген. Нәтижесінде бүгінде 4 мәселе шешімін тауып, 32-сі орындалу барысында, 13-і 2023-2025 жылдарға өтпелі, ал 1-уі қаржы бөлінген жағдайда биыл шешіледі.
Нұршуақ шағын ауданындағы қисайған 13 электр бағанасы реттелді, 5 бағанаға гидроизоляция май жағылып, толығымен ретке келтірілді;
Тәуелсіздікке 20 жыл тұрғын алабына 2 аялдама және жол белгісі орнатылды;
Көкбұлақ тұрғын алабы Есбол қажы көшесі жарықтандырылды;
Қатынкөпір шағын ауданындағы кәріз жүйесі құрылысын жүргізу барысында қазылған 4 көше (Жангельдин, Дәстүр, Дулатов, Айтымбетұлы) қайта қалпына келтірілді.
Әрбір орындалған тапсырманы аудан белсенділері де растап, алғыстарын білдірді. М.Әйтенов жұмыс барысындағы тапсырмалардың орындалу барысын да үнемі бақылауға алып, ай сайын аудан белсенділеріне баяндалып отыратынын жеткізді.
Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі