Шымкентте жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық ғылыми жобалар конкурсының қорытынды кезеңі басталды. Шараға Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов, мәслихат хатшысы Бахадыр Нарымбетов және сала мамандары қатысып, жастардың түрлi жобаларымен танысты.
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы жыл сайын жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық ғылыми жобалар конкурсын (бұдан әрі – Конкурс) өткізіп келеді. Конкурс 2022 жылдың 21 мен 25 ақпан аралығында офлайн форматта Шымкент қаласында өткізіледі.
Конкурстың бірінші (мектепшілік, аудандық) кезеңіне 27198 оқушы 23621 жұмыспен тіркелді, оның ішінде 8505 оқушы ауыл аймақтарынан. Екінші (іріктеу) кезеңіне 7774 оқушы, 6590 жұмыспен қатысты, оның ішінде 3306 оқушы ауыл аймақтарынан.
Конкурстың үшінші кезеңіне 1942 оқушы 1129 жобамен өтті, оның ішінде жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндер бойынша сараптамаға 637 жоба – 716 қатысушы жіберілді. Сараптаманы Қазақстан Республикасының ірі жоғары оқу орындарының жетекші ғалымдары жүргізді.
Үшінші кезеңнің қорытындысы бойынша сараптау комиссиясының шешімімен қорытынды кезеңге жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндер бойынша республиканың 382 білім беру ұйымдарынан 496 оқушы 389 ғылыми жұмыспен жіберілді.
Қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы пәндер бойынша өңірлерден 208 жоба – 253 қатысушыға өтінім қабылданды.
Осылайша, конкурстың қорытынды кезеңіне 749 жас зерттеушілердің авторлығымен 597 ғылыми жоба ұсынылды.
Конкурстың қазылар алқасының шешімімен қорытынды кезеңнің жеңімпаздары мен жүлдегерлері ҚР БҒМ I,II,III дәрежелі дипломдарымен, алтын, күміс және қола медальдарымен марапатталады.
Қазылар алқасының шешімімен жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндер бойынша жеңімпаздар қатарынан ең үздік 3 жұмыс оқушылардың жыл сайынғы ISEF-2022 (АҚШ) Дүниежүзілік ғылым мен техника көрмесіне ұсынылады.