Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов Бәйдібек би даңғылы мен Арғынбеков көшесінің қиылысында салынып жатқан жолайрықтың құрылыс барысын тексерді. Үш деңгейлі жолайрық құрылысы 2022-2023 жылдар аралығында қаланың көлік қозғалысын реттеудің кешенді жоспарына сәйкес жүзеге асады. Нәтижесінде аталған көшелердің көлік өткізгіштік деңгейі екі есеге артпақ.
Жолайрықтың техникалық сипатына орай Бәйдібек би даңғылында 700 метр, Арғынбеков көшесінде 921 метр көше аралығы құрылыс аумағына енген. Жоба бойынша ені 80 метрлі төрт-алты жолақты автомагистраль салынып, жол жиегіне жаяу жүргіншілер және веложол төселмек. Қазіргі уақытта аталмыш құрылыс нысанында Арғынбеков көшесі бойымен жер қазу жұмыстары атқарылуда.
30 қаңтар күні батыстан шығысқа қарай Байтұрсынов көшесінен Бәйдібек би даңғылына дейінгі аралық жабылды. Көлік қозғалысы үшін Арғынбеков көшесіне альтернативті магистралдар ретінде Рысқұлов және Төлеметов көшелері белгіленген.
Құрылыс жұмыстарының барысын тексерген қала әкімі мұның Шымкенттегі маңызды нысандардың бірі екенін алға тартты. Мегаполис үшін кептеліс басты мәселе, сондықтан тұрғындардың қолайлылығы үшін құрылыс жұмыстарын сапалы орындап, мүмкіндігінше мерзімінен бұрын аяқтау қажеттігін айтты.