Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов қалалық орта сапасы және бақылау басқармасының 2022 жылы атқарылатын жұмыстарының есебін тыңдады.
Басқарма басшысы Нұрдәулет Құрбанбекұлы қала аумағында салынып жатқан құрылыс нысандары бойынша зерделеу жұмыстары биылда жалғастырылатынын, құрылыс жүргізуге қойылатын бастапқы негізгі талаптарды сақтамай жүргізіліп жатқан нысандарға мониторинг жүргізілетінін жеткізді.
Сондай-ақ, құрылыс сапасына бақылауды күшейту мақсатында техникалық қадағалаушылардың есептерін E-Qurylys платформасы арқылы жүргізілетінін баяндап өтті.
Осы ретте әкім құрылыста тәртіп орнатып, құрылыс мәдениетін қалыптастыруды, яғни, құрылыс нысанына кіріп шығудағы тазалықты сақтауды айтты. Құрылыс нысандарын тексеру барысында аумағының қоршалғанына, көліктердің тазалығы, нысан төлқұжатын орналастыруына және жүк көліктерінің тентпен жабылуына баса назар аударуды айтып, оның орындалуын қадағалауды тапсырды.
Сала жетекшісі қала аумағындағы 2 236 көпқабатты тұрғын үйдің 1 823-і басқару нысанын тіркеуге жататын тұрғын үйлер екенін айтып, бүгінде аталған көпқабатты үйлердің барлығы басқарудың жаңа жүйесіне тіркелгенін мәлім етті. Оның ішінде, көпқабатты 1 702 үй басқарудың жай серіктестігіне (ЖС), 121-і мүлік иелерінің бірлестігіне (МИБ) көшкен.
Қала басшысы көпқабатты үйлер басқарудың жаңа жүйесіне 100 пайыз көшкенімен, өз құзыреттерін түсіндіру жұмыстарында кемшіл тұстары ақсап тұрғанын айтып, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейтуді тапсырды.
Есепті жиында басқарма басшысы пайдалану мерзімі өткен 30 лифт бойынша ауыстыру жұмыстарын жүргізуді және лифтілерге қызмет көрсету компаниялардың қызметін 109 I-komek орталығымен интеграциялау, үй ішілік газ жабдықтарына техникалық қызмет көрсетуге тиісті шарт жасалуын цифрландыру мақсатында, «I-Shymkent» порталына енгізу туралы ұсыныстарын жеткізді.