Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов «Ontustik» телеарнасының эфирінен берілетін «Әкім сағаты» телебағдарламасына қатысты. Шаһар басшысы қаланың биылғы жылдың тоғыз айында қол жеткізген әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерін баяндап, көрермендер сұрақтарына жауап берді.
Мұрат Дүйсенбекұлының айтуынша, Биылғы жоспар бойынша ауыз сумен қамту көрсеткіші 98 пайызға, кәріз жүйелерімен қамту – 54 пайызға, сапалы электрмен қамту – 97 пайызға, табиғи газбен қамту – 93 пайызға, әлеуметтік маңызы бар көшелерді жарықтандыру – 43,4 пайызға жететіні айтылды.
Жол құрылысы саласында 178 жоба қаржыландырылып, сапалы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі жыл қорытындысымен 63,6 пайызға жетпек. Қоғамдық көлік саласында автобустардың жаңару көрсеткіші биыл 90 пайызға жетіп, 64 бағыт бойынша әлеуметтік мәні бар автобустар маршруттары ашылған.
Эфир барысында қала әкімі көрермендер тарапынан түскен сауалдарға жауап берді. Тұрғындар Т.Рысқұлов көшесінің көлік қозғалысына ашылатын мерзімін, электр қуатының сапасын арттыру, табиғи газ жүйелеріне қосылу, А-2 айналма жолының құрылысы, тағы басқа өзекті мәселелер бойынша сауал жолдап, нақты жауаптарын алды.