«Ұлы Жібек жолы тарихындағы Шымкенттің ЮНЕСКО-ның мәдени мұра жүйесіндегі орны мен рөлі» халықаралық кездесуінің аясында «Шымкент Жібек жолының тарихи-мәдени кеңістігінде» тақырыбында пленарлық отырыс өтті. Оны ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Мәдениет және өнер істері департаменті мәдени-тарихи мұра басқармасының басшысы Жанат Сейдалиева жүргізіп отырды.
Отырыс барысында М.Әуезов атындағы ОҚУ-дің «Қазақстан тарихы» кафедрасының меңгерушісі Серік Жүнісбаев «Шымкент ХІХ-ХХ ғасырларда: тарихи очерктер» тақырыбында баяндама жасады. Ғалым тарихи очерктердегі Шымкенттің тыныс-тіршілігін баяндайтын үзінділер арқылы көне қала бейнесін сипаттап берді.
— Очерктердің бірінде «Шымкент Орынбор мен Ташкенттің арасындағы айрықша маңызға ие екінші қала. Табиғаты жайлы, суы мол аймақ» деп сипатталған, — деді ол.
Сондай-ақ, тәжікстандық тарихшы-ғалым Набиджон Рахимов «Ферғана-Сырдария дәлізінің коммуникация жүйесіндегі өзен жолы»» туралы баяндама жасады. Ол Ұлы Жібек жолындағы сауда керуенінің тек дала жолымен емес, су жолымен де дамығанын атап өтті.
— Сырдария өзені Ферғана, Шымкент, Исфиджаб, Сайрам өлкесіне дейін керуен жолын жалғаған. Археологиялық зерттеулер Худжанд, Моншақтепе, Қосдиірмен, Шыназ, Сығанақ және Шымкент секілді қалалар Сырдария өзенінің бойындағы үлкен сауда орталықтары болғанын көрсетеді, – деді Н.Рахимов.
Қырғызстандық ғалым Бақыт Аманбаева «Ұлы Жібек жолының Ферғана-Сырдария дәлізінің әртүрлі учаскелерін және ұсынылатын объектілердің типологиялық әртүрлілігін үйлестіру» тақырыбында, ал, Түркіменстан Ғылым Академиясының тарих және археология институты директорының орынбасары Хан-Дурды Курбанов «Түркіменстан және Ұлы Жібек жолын жаңғырту: ежелгі және қазіргі заманғы даму» тақырыбында баяндама жасады.
Айта кетейік, халықаралық кездесу аясындағы тағы бір пленарлық отырыс «Шымкент қаласының археология, этнография, мұражайтану мәселелері» тақырыбында өрбіді.