Шымкент қаласы Қаратау ауданының әкімі А.Әліқұлов қала әкімдігінің «Instagram» парақшасында өткен тікелей эфирде атқарылған жұмыстарды баяндап, түрғындар сауалына жауап берді.
Қала әкімінің тапсырмасына сәйкес, тұрғындардың өзекті мәселелерін бақылауға алу, заң аясында шешу, халықпен кері байланыс орнату мақсатында аудан әкімі инженерлік инфрақұрылым жүйелерінің құрылысы, аулаларды абаттандыру бойынша негізгі жұмыстардан хабардар етті.
Ауданда 47 202 жеке тұрғын үйдің 36 324-і яғни, 77 %-ы тәулік бойы сапалы ауыз сумен қамтылған. 5 937 тұрғын үй кесте бойынша, 4 941 үй тасымал суды тұтынады.
Ауданда Көмешбұлақ су жинақтауышысынан Тұран шағын ауданы айналма жолына дейінгі, диаметрі 920 х 10 мм, ұзындығы 4,48 шақырым суаққы құрылысы 2020 жылдың мамыр айында басталған болатын. Мердігер мекеме «Сарыағаш-Аман» ЖШС құрылысты желтоқсан айына дейін аяқтауды жоспарлап отыр. Тұран шағынауданын (1-кезек) ауыз сумен қамтамасыз ету бойынша 62,7 шақырым ішкі орамдық жүйелерінің құрылыс жұмыстары жүргізілуде.