Жас мамандар университетті немесе колледжді бітіргеннен кейін бірден жұмыс таба алмай жүріп қалатыны белгілі. Өйткені, жұмыс берушілер әдетте тәжірибесі бар кадрларға басымдық береді. Осы орайда, жұмысқа алғаш рет орналасатын, еңбек тәжірибесі жоқ жастарды қолдау мақсатында елімізде «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында «Алғашқы жұмыс орны» жобасы жүзеге асырылып жатыр.
Бағдарламаға қатысушыларының бірі — Атымтай Мерей Бағдатқызы. Ол биылғы жылы «Шымкент жоғары медициналық» колледжін «Дантист-стоматолог» мамандығы бойынша тәмамдаған.
- Оқу орнын бітірген соң ұзақ уақыт бойы жұмысыз жүріп қаламын деген ой болды. Барлық жерде жұмыс тәжірибесін талап етті, бірақ менде оларға қажет тәжірибе болған жоқ. Дипломды енді алған кезім ғой. Кейінен жастарға арналған жаңа жоба бар екенін естіп, қалалық жұмыспен қамту орталығына барып, кеңес алдым. Онда маған бағдарламаның шарттары мен тиімділігін түсіндіріп, өз мамандығым бойынша қаладағы «Улыбка» стоматологиясына жолдады» -дейді 19 жасар қала тұрғыны.
Жалпы, аталған жобаға 29 жасқа дейінгі мүлдем жұмыс өтілімі жоқ жұмыссыз жастар, оның ішінде NEET санатындағы жастар қатыса алады. Сонымен қатар, алғашқы жұмыс орнына орналасуға көп балалы немесе аз қамтылған отбасылар мүшелеріне, еңбекке қабілетті мүгедектер мен техникалық және кәсіптік мамандық иелеріне басымдық беріледі. Жұмыспен қамту орталығы жұмыс берушілермен келісім-шарт жасап, оқу орнын аяқтаған жастарды 24 ай жұмыспен қамтиды. Жобаға қатысушының еңбекақысы 20 АЕК. Халықты жұмыспен қамту орталығы жұмыстың алғашқы 12 айдың еңбекақысын субсидиялайды.
Үміткерлер тіркелген мекенжайы бойынша төмендегі жұмыспен қамту орталығы бөлімшелеріне жеке куәлігі мен білімі туралы құжат көшірмесін тапсырып, өтінім бере алады:
✓Абай ауданы бойынша Жиделі байсын көшесі, 92 («Бекжан» сауда орталығы, 1 қабат).
✓Әл-Фараби ауданы бойынша А.Байтұрсынов көшесі мен Мирас көшелерінің қиылысы, А.Байтұрсынов көшесі, 201.
✓Еңбекші ауданы бойынша Күншығыс» ш/а, Жолан батыр көшесі 115/2.
✓Қаратау ауданы бойынша «Нұрсәт» ш/а, С.Бәйтереков, №89 үйде орналасқан қалалық жұмыспен қамту орталығына қарайды.
Айта кетсек, бүгінгі таңда жобаға қатысуға 50-ге жуық жас жолданып, оның 45-і қаладағы түрлі мекемелер мен кәсіпорындарға жұмысқа кірісті.