ҚР Премъер-министрі А.Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында еліміздің Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев экономикалық көрсеткіштердің орындалуы жөнінде хабарлама жасады. «Барлық көрсеткіш бойынша оң өсім 5 өңірде – Шымкент қаласында, сондай-ақ Алматы, Жамбыл, Қостанай, Маңғыстау облыстарында байқалады. Ал, 6 көрсеткіш бойынша 8 өңірде өсім бар. 3 өңірде 5 көрсеткіш бойынша өсім тіркелді. Батыс Қазақстан облысында тек 3 көрсеткіш бойынша өсу байқалды», — деді Әсет Ерғалиев.
Шымкент қаласында негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 2021 жылдың 8 айында 201,1 млрд теңгені құрап, 2020 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 135,9 пайызға артқан. Негізгі капиталға бағытталған инвестицияның құрылымында жекеменшік инвестицияның үлесі 72 пайыз болса, мемлекеттік инвестицияның үлесі – 28 пайызды құрайды.
Жекеменшік инвестиция үлесінің артуы инвестициялық штаб жұмысының тиімділігін көрсетеді. Апта сайын өтіп жатқан штаб отырыстарында инвестиция салуға қызығушылық танытқан кәсіпкерлердің өзекті мәселелерін шешу үрдісі қалыптасты. Онлайн режимде өтіп жатқан жұмыс кездесулерінде бизнес өкілдері тап болатын бюрократиялық кедергілерді жою жөнінде шұғыл шешімдер қабылданып, инвестициялық жобаларды іске асыруға қажетті инфрақұрылымын жүйелерін тарту, жерге орналастыру мәселелері оңтайлы шешімін тауып жатыр.