Шымкент қаласы дербес республикалық деңгейдегі қала болғалы оның дамуына өте үлкен инвестиция тартылуда. Бұл дегеніміз Шымқаланың болашағы жарқын және инфраструктурасы жоғары деңгейде дамыған алып қалаға айналатынына сеніммен қарауға болады деген сөз.
–Тәуелсіздіктің отыз жылында Шымкент қаласына 2 трлн. теңгеден астам инвстиция тартылған болса, тек соңғы үш жылда қалаға 1 триллион 55 миллиард 100 миллион теңге, ал биылғы 5 айда қала экономикасына 96,9 миллиард тенге инвестиция тартылуы көп жәйтті аңғартса керек, — деді еңбек ардагері И.Шалабаев.
Қала аумағында соңғы үш жыл көлемінде шетелдік инвесторлардың қатысуымен құны 1,8 миллиард доллардың тоғыз инвестициялық жобасы жүзеге асырылды. Бұл бағыттағы жұмыстар әлі де жалғасуда.
Shymkent City жобасы бойынша 2026 жылға дейін 432 миллиард теңгенің жекеменшік инвестициясы тартылып, жалпы аумағы 1,6 миллион шаршы метрді қамтитын 27 500 пәтерлі тоғыз қабатты және одан да жоғары 300 көпқабатты тұрғын үй пайдалануға берілетін болады. Өткен мен қазіргі кезеңді салыстыра қарап отырсақ біз өзіміздің бүкіл тарихымызда көз көрмеген табысты экономикалық даму қарқынына қол жеткізгеніміздің куәсі боламыз. Өңір экономикасы мен халықтың әл-ауқаты жаңа деңгейге көтерілді, әлеуметтік салада жаңа асулар бағындырылды. Өткен отыз жылдың ішінде біздің өңірімізбен бірге бүкіл елімізде болған күрделі өзгерістер баршамызды қуантады. Қазақстан Республикасының тəуелсіз даму кезеңі қазақстандық қоғамның тағдырын анықтады деп сеніммен айтуымызға болады.
Шымкент қаласында экономиканың тұрақты дамуын жыл сайын орта есеппен 5-6 пайызға қамтамасыз ету көзделуде. Осылайша, жалпы өңірлік өнімді 2025 жылға қарай 3,7 трлн. теңгеге жеткізу жоспарланып отыр. Бұл жөнінде Nur Otan партиясы Шымкент қалалық филиалының кезектен тыс XLI конференциясында баяндалды.
Мұндай межеге жету үшін қаланың өнеркәсіп саласында 2021-2025 жылдары жалпы құны 1,36 трлн. теңгені құрайтын 123 инвестициялық жобаны жүзеге асыру көзделуде. Бұдан бөлек, жылыжай, қарқынды бау, мал бордақылау, мал және құс етін өңдеу бойынша 42 инвестициялық жоба қолға алынбақ. Сондай-ақ, ауданы 306 гектарды құрайтын 3 индустриалды аймақты ашу жоспарда тұр. Нәтижесінде, қалада жоғарыда аталған барлық сала бойынша 80 мың тұрақты жаңа жұмыс орындары ашылып, алдағы 5 жылдықта жұмыссыздық деңгейін 5,2 пайыздан 4,9 пайызға дейін төмендету көзделіп отыр.