Экономиканың дамуы халықтың әлеуметтік жағдайының жақсаруына, сол арқылы демографиялық дүмпуге жол ашты. Мәселен, егемендік алған 1991 жылы Шымкент қаласы халқының саны 440 мың адам еді. 2021 жылы шымкенттіктер 1 миллион 93,5 мың адамға жетті. Сөз жоқ, демографияның өсуіне біріншіден халықтың табиғи өсімі әсер етті. Ал, осы табиғи өсімді қамтамасыз етуде алдымен экономиканың тікелей әсері бар.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Шымкентте де өте күрделі қаржылық-экономикалық және әлеуметтік қиындықтар болды. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті — Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жүргізген сарабдал саясатының арқасында елімізге, оның ішінде Шымкентке шетелдік инвестиция тартылып, соның арқасында жабылып қалған өндіріс ошақтары қайта іске қосылып, елімізде бұрын-соңды болмаған жаңа кәсіпорындар пайда болды. Соның нәтижесінде қаншама жұмыс орындары ашылып, халықтың күнкөріс деңгейі артты. Ең бастысы, Шымкент Қазақстанның тек мәдени-тарихи қаласы ғана емес, сонымен қатар өндірістік орталықтарының біріне айналды. Тәуелсіздіктің отыз жылдық бедерінде мегаполисте бірнеше өндірістік салалар шаһардың экономикалық қозғаушы күшіне айналды. Олардың қатарына химия, фармацевтика, агроөндірістік кешен, қайта өңдеу, жеңіл өнеркәсіп, құрылыс материалдары өндірісі тағы да басқа салаларды жатқызуға болады. Осы аталған салаларда өнім өндірген кәсіпорындардың тауары ішкі нарықты сапалы өніммен қамтамасыз етіп қана қоймай, алыс-жақын шет мемлекеттерге де экспортталып, солардан түскен салық және басқа да табыстар халықтың әлеуметтік жағдайының жақсаруына зор септігін тигізді. Әсіресе, Шымкент қаласының бюджеті еселеп өсті.
Шымкент қаласының экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Рақымберді Мүлкеманов қала бюджеті 1994 жылы 1 миллиард теңге төңірегінде болса, бүгінгі күнде 485,6 миллиард теңгеден асқанын айтады.
Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов бюджет 2018 жылмен салыстырғанда 3,7 есеге артты. Инвестиция көлемі екі есеге жуық артты. Үш жыл бұрын өнеркәсіп өнімінің көлемі 425 млрд. теңгені құрады, ағымдағы жылдың қорытындысы бойынша көлемі 710 млрд. теңге болады. Сондай — ақ, үш жыл бұрын 403 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, биыл біз оның санын 1 млн шаршы метрге дейін жеткізуді жоспарлап отырмыз, нәтижесінде салық базасы мен жергілікті бюджеттің кірістері — 57 млрд-тан 150 млрд-қа дейін өскенін мәлімдеді.