Бүгін Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов қалалық мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Бауыржан Қалжановтың бірінші жартыжылдықта атқарған жұмыстары бойынша есебін тыңдады.
Басқарма басшысының айтуынша, есепті кезеңде бірыңғай ақпарат орталығы арқылы еңбек қатынастары, өндірістік қауіпсіздік саласына қатысты 23 хабарлама түсіп, барлығы мерзімінде орындалған. Сонымен бірге осы уақыт ішінде жалпы 584 арыз-шағымдар мен түсіндірме беру жөнінде өтініштер қаралып, тиісті жауаптар берілген.
«Мемлекеттік еңбек инспекторларымен 104 тексеру жүргізіліп, 182 заңбұзушылық анықталып, 68 нұсқама берілген. Тексеру нәтижелерімен 4,5 млн. теңге көлемінде 25 әкімшілік айыппұл салынып, 21 қозғалған әкімшілік іс бойынша 2,9 млн. теңге айыппұл өндірілген. Бірқатары мерзімі келмеуіне байланысты бақылауда»,-деді Б.Қалжанов.
Есепті кезеңде өңіріміз бойынша 5 кәсіпорында 90 жұмыскерге 15 млн. теңге жалақы қарызы бар екенін баяндаған басқарма басшысы бұл бойынша тиісті жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтті.
Одан бөлек, Басқарманың мемлекеттік еңбек инспекторымен атқарылған жұмыстар нәтижесінде жыл басынан бері 35 кәсіпорындағы 1960 жұмыскердің 166,5 млн. теңге көлемінде жалақы қарыздары өтеліп, жұмыскерлердің әлеуметтік құқықтары қорғалған.
Еңбек инспекциясы басқармасының алты айда атқарған жұмыстарын тыңдаған қала әкімі индикаторлардың орындалуын қадағалауды тапсырды. Әрбір еңбек етуші өзінің қорғаушысы бар екенін сезінуі үшін басқарманың статусымен, танымалдылығын арттыру қажет екенін назарға алды.
«Еңбегі қорғалмаған адам кімге шағымданатынын білуі керек. Шағым шешімін тауып жатуы тиіс. Бұл процес жарнамаланып отыруы керек. Қысқаша, халық бұл басқарманы тануы қажет. Яғни, меже белгілі болмай, кез келген жұмыста жүйе болмайды»,-деді әкім.
Еңбекті қорғауда халықаралық тәжірибелерді зерделеп, оң үрдістерін бізде қолдану бойынша қала әкімінің берген тапсырмасына сәйкес Еуроодақ, АҚШ, Жапония елдерінің тәжірибелері зерделеніпті. Осының негізінде жұмысшылардың еңбек құқықтарын қамтамасыз етуге бағытталған барлық хабарламаларды ескеру бойынша жоба іске қосылды. Ұқсас жоба АҚШ — да тиімді іске асырылып келеді. Осы мақсатта Мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасы және Шымкент қаласының ситуациялық орталығының арасында меморандум түзілді. Меморандум түзілгеннен кейін Ситуациялық орталықтан 7 хабарлама түсті, оның үшеуі аноним.
Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын табатын болады.
Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі