Президенттің төрағалығымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Шымкент әкімі Мұрат Әйтенов қала дамуындағы негізгі мәселенің бірі — инженерлік инфрақұрылым екенін атап өтті.
Оның айтуынша, қаланың 75 пайызы жеке тұрғын үйлерден және шағын елді мекендерден құралады. 81 елді мекеннің 41-і жаңадан қосылған, инфрақұрылымдық ахуалы күрделі аумақтар.
«Инфрақұрылымдық даму қаланың 5 жылдық жоспарында қамтылған.
Бірінші кезекте, халықты сапалы ауыз сумен қамту назарға алынды. Бүгінгі таңда 5 елдімекен жартылай, 7 елдімекен су тасымалымен қамтылған. Үкімет қолдауымен 16 млрд. теңгеге 14 нысанның құрылысы жүргізілуде. Нәтижесінде ауыз су мәселесі 2023 жылы толығымен шешілед»,-деді қала әкімі.
Қала басшысы сондай-ақ кәріз жүйесі мәселесіне де тоқталып өтті. Оның айтуынша, шаһардағы 63 елді мекенде кәріз жүйелері жоқ. Қолданыстағы шайынды су тазарту кешенінің қуаты жетпейді. Биыл 13 нысанның құрылысы жүргізілуде. Нәтижесінде, кәріз жүйесімен қамту деңгейі 54 пайызға жетеді.
Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі