Электр жарығымен қамтамасыз ету бойынша өткен жылы 13 елді мекенде құрылыс жұмыстары аяқталып 23,5 мың адам сапалы электр қуатымен қамтылды. Нәтижесінде қамтылу көрсеткіші 93%-дан, 95%-ға өсті.Қазіргі таңда, 81 елді-мекеннің 65-і сапалы электрмен қамтылса, 16 елдімекенде электр қуаты сапасыз. Бұл туралы Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Маулен Айманбетов БАҚ өкілдеріне берген брифингінде баяндады.
— «Бозарық» қосалқы станциясының құрылысы 2016-2021 жылдар аралығына жоспарланған. Жобанның жалпы құны -7,9 млрд теңгені құрайды. Бүгінде мұндағы жұмыстар толығымен аяқталды. Шілде айында «Бозарық» қосалқы станциясын іске қосамыз, — деді Маулен Айманбетов.
Бұл электр тарату станциясы пайдалануға берілсе, 4 елді мекендегі 70 мың тұрғын сапалы жарықпен қамтылады. Олар – Асар-2, Достық, Солтүстік саяжай және Қайнарбұлақ тұрғын алабтары. Қазіргі таңда, 81 елді-мекеннің 40-ы табиғи газбен қамтылған, 33 елді мекен жартылай қамтылған, 8 елді мекен қамтылмаған.