Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында көшелерді жарықтандыру бойынша атқарылған жұмыстардың есебін тыңдады.
Жалпы, Шымкент қаласы бойынша орталық маңызы бар 747 көшенің (1758 шақырым) 220 көшесі (516,7 шақырым) жарықтандырылған.
Өткен жылы 43 көше (87 шақырым) жарықтандырылып, қамту көрсеткіші 25,5 %-дан 29,5 %-ға өсті. Сонымен қатар, мемлекеттік жекешелік әріптестік аясында 2021-2023 жылдары 303 көшені (520 шақырым) жарықтандыру жоспарланып отыр.
-Көшелерді жарықтандыру қаламыздың түнгі көркін аша түсетіні сөзсіз. Көркінен бұрын халықтың көңіл күйі мен қауіпсіздігі үшін аса маңызды. Әсіресе мектептер пен балабақшаларға баратын жолдардың жарық болуы шарт. Осыны естен шығармаңыздар. Жұмыстарды уақытылы әрі сапалы орындауды тапсырамын және қадағалап отырамын — деді қала әкімі.
2021-2023 жылдарға арналған жарықтандыру жобасының құны – 16,4 млрд теңге. Жоба аясында энергия үнемдейтін LED шамдарын сондай-ақ, тозған бағаналарды жаңасына ауыстыру 100 %-ға орындалып, диспетчерлік орталық құру арқылы бір орталықтан басқаруға қол жеткізілмек. Атқарылған жұмыстар нәтижесінде қалада жарықтандыру көрсеткіші 70 %-ға жететін болады.
Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі