Шымкент қаласы әкімінің шалғай елді мекендердегі инфрақұрылым мәселелерін жүйелеу жөніндегі тапсырмасына сәйкес, Қаратау ауданының әкімі Абзал Әліқұлов аудан аумағындағы «Асар-2» шағын ауданы тұрғындарымен кездесті. Кездесуде тұрғындардың шағын аудандағы ауыз су, табиғи газ, кәріз жүйесі, сапалы электр жарығымен қамту және шағал тас төсеу бойынша мәселелеріне толыққанды жауап берілді.
Аудан әкімі «Асар-2» шағын ауданының инфрақұрылым мәселесін жүйелеу мақсатында атқарылып жатқан және алдағы уақытта жоспарланған жобалар мен жұмыстарға кеңінен тоқталып өтті. Шағын ауданды ауыз сумен қамтамасыз ету бойынша 156,1 шақырым ішкі орамдық жүйелерінің құрылыс жұмыстары 2020 жылдың мамырында басталды. Жергілікті бюджеттен қаржы бөлініп, құрылыс жұмыстары мердігер мекеме «Сарыағаш-Аман» ЖШС тарапынан жүргізілуде. Қамтылатын жалпы абонент саны – 2 765.
«Ремстрой Алматы» ЖШС шағынауданды электр жарығымен қамту бойынша жұмыстар атқаруда. Қамтылатын жалпы абонент саны – 2 723. Ал табиғи газбен қамтамасыз ету бойынша 50,4 шақырым ішкі орамдық жүйлерінің құрылыс жұмыстары 2020 жылы басталды. Құрылысқа жауапты мердігер мекеме – «Отау Строй» ЖШС.
Сондай-ақ, «Асар-2» шағын ауданын кәріз жүйелерімен қамту бойынша «Монолит – Дизайн — 2030» ЖШС тарапынан құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Құрылысты келер жылы аяқтау жоспарлануда.
Шағын ауданда 48,6 шақырым 38 көше бар. Оның ішінде 4,9 шақырым жолды асфальттау бойынша «Север-Юг» ЖШС құрылыс жұмыстарын атқару үстінде.
Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі