Елімізде көктемгі егіс жұмыстары толығымын аяқталды. Бүгін Үкіметтің селекторлық отырысында көктемгі дала жұмыстарының қорытындылары жария етілді.
Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаровтың айтуынша, егіс алқабы 78,2 мың гектарға ұлғайтылып, жалпы 22,7 млн га алқапқа егін егілді. Дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар 15,7 млн га алқапты құрайды. Майлы дақылдар алқабы 2,9 млн га (+11,9 мың га), жем-шөп дақылдары алқабы 3,4 млн га (+104,2 мың га), көкөніс-бақша дақылдары алқабы 275,2 мың га (+10,6 мың га), картоп алқабы 198 мың га дейін (+5,8 мың га) ұлғайтылды.
Агроөнеркәсіптік кешен субъектілеріне нарықтық бағадан 14 %-ға төмен бағамен 380 мың тонна дизель отыны бөлінді. Бұл ретте мемлекет ауыл шаруашылығы өндірушілерінің тыңайтқыштар мен пестицидтерді сатып алуға жұмсаған шығындарының 50%-ына дейін субсидиялайды.
Шымкент қаласында да көктемгі дала жұмыстары оңтайлы жүргізілді. Ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының мәліметінше, қалада жалпы 29,3 мың гектар жерге көктемгі егін егу жұмыстары аяқталды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 1,4 мың гектарға артық (2020 жылы – 27,9 мың гектар). Атап айтқанда, дәнді-дақылдар (бидай, арпа, жүгері) – 12,9 мың га, майлы дақылдар (мақсары, күнбағыс) – 3,8 мың га, көкөніс пен бақша – 3,0 мың га, ал мал азықтық дақылдар – 8,9 мың га егілді.
Нәтижесінде биыл жиналатын өнім көлемі 73 мың тоннаға жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 13,7 мың тоннаға артады.
Көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге 1 мың тонна жанар — жағармай бөлініп, қаладағы ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілердің өтініштері бойынша 257,5 тоннасы босатылды. Дала жұмыстарына 1 700-ден астам техника тартылды.